Қарқаралы қаламгерді құрметтеді

Просмотров: 65

Қасиетті де киелі Қарқаралы  жеріне Алматыдан қазаққа «Елім – ай» романымен танылған талантты жазушы, дарынды драматург, ақын, профессор, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері  Софы Қалыбекұлы Сматаев ағамыз табан тіреп, аудандық Қасым Аманжолов атындағы  кітапханада оқырмандармен кездесті. Кітапхана қызметкерлері арнайылап  «Қарымды қаламгер» атты жазушы, драматург, ақынның әр жылдары жарық көрген кітаптарынан көрме жасақтады.

Қарқаралының Құрметті азаматы Софы Қалыбекұлы және профессор, академик, ғылым кандидаты Сейітжан Сатыбалдыұлы кездесу кешінің қонағы болды.

Кешті Қарқаралы аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Сайлау Әлиұлы ашып,  кеш қонақтарының өмір жолдармен таныстырып өтсе, ақын Руслан Нұрбай өзінің туған өлкеге арнаған «Алтын адам» атты өлеңін оқыды.

«Қарымды қаламгер» атты кеште Софы Сматаевтың шығармашылық еңбектері «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманын суреттейтін «Елім – ай» романы, Қаракесектің ұранына айналған киелі Қарқабат (Күнай) анамызға арналған «Мейрамсопы – Қарқабат» дастаны, сүйікті жарына арнап жазған «Шахминам – мәңгілік махаббатым менің» шығармасымен танысып, кешке қатысушы оқырмандар пікір алысып, руханы ляззат алды.

Тарихтың қатпарлы тұстарына үңіліп тұрып жауап берген қайтпас қайсар қаламгерлердің бірі – Ілияс Есенберлин ағамыз болса, екіншісі – Софы Сматаев ағамыз.

Тарихи тақырыпқа батыл барып, оқырмандарды бір сілкінткен Софы ағамызға денсаулық, ұзақ ғұмыр тілей келе, белгілі меценат, Орталық Қазақстан академиясының ректоры Бақтыбай Жүнісов  Қарқаралының сұлу табиғатында орын тепкен «Жолжақсы» демалыс үйінде қонақ етіп, дәстүр жоралғысын жасап, шапан жауып, астына ат мінгізді.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған