«Қарағанды – Балқаш» жолында тағы да жантүршігерлік жол апаты болды
Бүгін таңертең «Алматы-Екатеринбург» автожолында жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы орын алды. «CHERY TIGGO» көлігі мен «VAN HOOL» автобусымен соқтығысып, ауыр салдарына әкелді. Жол апаты Ақсу-Аюлы кентінен 5 шақырым жерде шамамен сағат 06:00-де болды.
Апат салдарынан «CHERY TIGGO» көлігінің жүргізушісі мен оның екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Сонымен қатар, көліктегі тағы үш жолаушы және автобус жүргізушісі ауыр жарақаттар алып, медициналық мекемеге жеткізілді. Оқиға кезінде автобустың ішінде 51 жолаушы болған.
Бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, қажетті сараптамалар тағайындалды және тергеу амалдары жүргізілуде. Құқық қорғау органдары жол-көлік оқиғасының себептерін анықтауға тырысып жатыр.
Жазғы кезеңде «Алматы-Екатеринбург» автожолымен күнделікті 33 мыңға дейін автокөлік өтетіні белгілі. Осыған байланысты, жол патрульдік қызметінің экипаждарының саны 22-ге дейін арттырылды. Қарағанды облысы аумағында аталған екі көліктің жүргізушілері жол қозғалысы ережелерін сақтау туралы ескертілген болатын. Алайда, өкінішке орай, жүргізушілер бұл ескертулерді елемеген.
Қарағанды облысының полиция департаменті барлық жол қозғалысына қатысушыларды қырағылық танытуға, жылдамдық режимін қатаң сақтауға, жол белгілері мен таңбаларын ұстануға, қауіпсіздік белдіктерін тағуға шақырады.