Қарағанды ферроқорытпа зауытындағы апаттан қаза болғандар төрт адамға жетті

Просмотров: 94

Қарағанды ферроқорытпа зауытындағы апат салдарынан қаза болғандар саны төрт адамға жетті.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған “Қазақпарат” агенттігінің мәліметінше, тағы екі жұмысшы ауруханада көз жұмды.

“1981 және 1987 жылғы науқастар есін жимаған күйі көз жұмды”, – делінген облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.

Дәрігерлердің айтуынша, ауруханада жатқан төрт адамның жағдайы ауыр.

22 шілдеде зауыттың 30 жастағы жұмысшысы Мұзафар Исмайлов алған жарақаттардан қайтыс болды, оның денесінің 85 пайызы күйген. 24 шілдеде кешке облыстық денсаулық сақтау басқармасы кәсіпорын технологы Ерұлан Қазкеннің де көз жұмғанын хабарлады. Дәрігерлер оның денесінің 90 пайызы күйгенін анықтаған.

YDD Corporation компаниясы жұмысшының қазасы туралы таратқан хабарламасында жұмысшы «төтенше апат кезінде алған жарақаттарынан қайтыс болды» деп жазбаған, «ауруханада көз жұмды» деп мәлімдеген.

— Отбасына толыққанды қаржылай және әлеуметтік қолдау көрсетіледі, — делінген YDD Corporation хабарламасында.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған