Қарағанды индустриялық университетінде «Ғылымның инженерлік еңбектің беделін арттырудағы рөлі» атты LV Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция

Просмотров: 30

2025 жылғы 10 сәуірде Қарағанды индустриялық университетінің базасында «Ғылымның инженерлік еңбектің беделін арттырудағы рөлі» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының қолдауымен ұйымдастырылған іс-шара инженерлік мамандықтардың мәртебесін арттырудағы ғылымның маңыздылығына, ғылым, бизнес және білім берудің өзара ықпалдастығына, сондай-ақ жастардың инженерлік салаларға қызығушылығын арттыру мәселелеріне арналды.

Жаутиков Бахыт Ахатұлы, «Қарағанды индустриялық университеті» КЕАҚ басқарма төрағасы-ректор: Біздің университет білім беру қызметінен бөлек, ғылыми жұмыстармен және ғылымды насихаттаумен де белсенді айналысады. Қазақстанда 35 жылдан бері белсенді жұмыс жасап келе жатқан Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясы бар. Оның президенті — көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов бүгін біздің құрметті қонағымыз болып отыр. Бізге еліміздің әр өңірінен өкілдер келген делегация келді. Қонақтардың қатарында жас ғалымдар мен өндіріс саласының өкілдері бар. Сонымен қатар, біз үшін аса маңызды серіктестеріміз — Qarmet, QazTehna, «Инкар-1» және басқалары да қатысуда.

Конференция аясында қатысушылар «Qarmet» АҚ зауытына экскурсия жасады. Бұл экскурсия шикізатты өңдеуден бастап дайын өнім шығару кезеңдеріне дейінгі технологиялық үдерістермен тереңірек танысуға мүмкіндік берді. Қонақтар болат жолақтарды мырыш балқымасына батыру арқылы мырышталған өнімдер шығаратын ыстық мырыштау және алюминийлеу цехының жұмысымен танысты. Сонымен қатар, цехта мырышталған бұйымдарға полиэфирлі эмаль жағу арқылы полимерлік өнімдер өндіріледі. Қатысушылар металлургиялық комбинаттың жүрегі саналатын домна өндірісін де көрді. Мұнда шойын өндіріліп, кейін конвертер цехына жіберіледі, сол жерде шойын болатқа айналады.

Зауытқа жасалған сапар барысында конференция қатысушылары металлургия саласының даму перспективаларын, сондай-ақ ғылым мен өндіріс арасындағы байланыс мәселелерін талқылады. Бұл іс-шара идеялар алмасуға және жаңа кәсіби байланыстар орнатуға арналған тамаша алаң болды.

Хицко Евгений Петрович, Qarmet компаниясы бас директорының орынбасары:

— Шын мәнінде, инженерлерсіз бірде-бір өнеркәсіп саласы жұмыс істей алмайды. Бұл салалардың барлығы терең ғылыми зерттеулерге және инженерлік-технологиялық шешімдерге негізделген. Сондықтан Қазақстанның ірі кәсіпорындарының бірі ретінде бұл конференцияның Теміртауда, Қарағанды индустриялық университетінде өтуіне өте қуаныштымыз. Болашақта кадр дайындау — біз үшін басты мәселе. Өйткені бұл кәсіпорынның да, тұтас өңірдің де болашағын қамтамасыз етеді. Біз конференция қатысушыларын құттықтап, нәтижелі жұмыс, тиімді байланыстар мен жаңа идеялар тілейміз. Ең бастысы — бұл идеялар болашақта нақты іске асырылсын.

Конференция барысында қатысушылар инженерия саласына қатысты ғылыми баяндамалар мен зерттеулерін ұсынды. Олар қазіргі ғылым мен технология жетістіктерін және даму перспективаларын талқылады.

Сол уақытта университет фойесінде ғылыми жобалар көрмесі ұйымдастырылды. Жобалар жетекшілері өз еңбектерінің қазіргі нәтижелерін таныстырып, олардың өндірістік үдерістерге енгізілу әлеуетін көрсетті. Қонақтар университеттің ғылыми әлеуетімен танысып, монографиялар, патенттер, мақалалар мен оқу құралдары арқылы ұсынылған материалдарды көрді.

Жұмағұлов Бақытжан Тұрсынұлы, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының президенті:

— Секциялық отырыстар жоғары деңгейде өтті. Өте жақсы, мазмұнды баяндамалар тыңдалды. Көрмеңізді де аралап шықтым. Көңілім толды. Ғылым Теміртауға келіп қана қойған жоқ — алға басып келеді. Егер біреулер осы ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізуге қарсы болса, біз олардың енгізілуін талап ететін боламыз! (…) Бүгін Қарағанды мен Теміртау — Қазақстанның нағыз индустриялық астаналары. Сіздер бақыттысыздар — жандарыңызда Qarmet бар. Біз комбинатты аралап, домнаны, дайын өнімдерді көрдік. Бұл сіздерге тағдырдың өзі тәжірибе арқылы білім алуға мүмкіндік беріп тұр. Сіздің университеттің болашағы — кез келген басқа ЖОО-ға қарағанда әлдеқайда зор.

Осы күні Қарағанды индустриялық университетінде ҚР Ұлттық инженерлік академиясының филиалының ашылуы да маңызды оқиға болды. Академия – Қазақстандағы ғылыми-инженерлік қызметті үйлестіретін және дамытатын беделді ұйым. Академия филиалы университетке ғылым нәтижелерін өндірісте тиімді жүзеге асыру, бизнес-процестерге интеграциялау және технологиялық талаптарға жауап беру тұрғысынан жаңа деңгейге шығуға жол ашады.

Түлешов Амандық Қуатович, ҚР Ұлттық инженерлік академиясы вице-президенті:

— Біздің Президент ғылымды стратегиялық бағыт ретінде бөліп көрсетеді. Бұл, әрине, кадр даярлау мәселесіне де тікелей байланысты. Технология, жасанды интеллект пен ғылымды қажет ететін өндірістер дамыған заманда білікті мамандардың рөлі өте маңызды. Сондықтан инженерлік еңбектің беделін арттыру мәселесі — аса өзекті. Ұлттық инженерлік академия Теміртауға осы мәселені талқылау үшін арнайы келді.

Таурбеков Ораз Қайсаұлы, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары:

— Бұл — біздің инженерлік кадрларымыздың және жергілікті ғылым деңгейінің жоғары бағалануы. Бұл шара инженерлік мамандықтардың имиджін арттырып, осы салаға қатысты кәсіптерді танымал етуге, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді. Біздің ғалымдарды осы жетістігімен құттықтап, оларға жаңа табыстар тілеймін.

Пленарлық отырыс соңында салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Инженерлік ғылым мен өндірісті дамытуға, жас ғалымдарды қолдауға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, еліміз экономикасына озық технологияларды енгізуге қосқан зор үлесі үшін ҚР Ұлттық инженерлік академиясының президенті, техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловқа Қарағанды индустриялық университетінің Ғылыми кеңесі шешімімен «Университеттің құрметті профессоры» атағы берілді.

Жаутиков Бахыт Ахатұлы, университеттің басқарма төрағасы-ректоры, инженерлік ғылымды дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Қазақстан Республикасының инженерлік ғылымын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Айтбаев Айдос Сәдуақасұлы, «QazTehna» корпоративтік университетінің жетекшісі, «Қазақстан Республикасында инженерлік істі дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Базаров Бауыржан Ануарханұлы, техника ғылымдарының докторы, «Құрылыс» кафедрасының меңгерушісі, ғылыми жетекші сертификатына ие болды.

Кабиева Сәуле Казжановна, химия ғылымдарының кандидаты, профессор, «Химиялық технология және экология» кафедрасының меңгерушісі, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академиялық кеңесшісі куәлігін алды.

Даирбекова Гүлдана Сүйіндікқызы, PhD, «Металды қысыммен өңдеу» кафедрасының меңгерушісінің міндетін атқарушы, ғылыми жетекші сертификатына ие болды.

 

PhD ғылыми дәрежесі берілді:

– Абдрашит Асылбек Мирамханұлына – 8D07202 – Қара және түсті металлургия бағдарламасы бойынша;

– Мұхаметхан Маржанға – 6D070900 – Металлургия мамандығы бойынша.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды:

– техника ғылымдарының кандидаты, Энергетика, көлік және басқару жүйелері факультетінің деканы Жабалова Гулнар Газизовна;

PhD, Академиялық саясат департаментінің директоры Харченко Елена Михайловна;

– PhD, доцент, Ғылым және инновациялар жөніндегі директор Айнабекова Сәуле Серікбайқызы.

 

Министрдің Құрмет грамоталары және алғыс хаттарымен марапатталғандар:

– техника ғылымдарының докторы, Құрылыс кафедрасының басшысы Базаров Бауыржан Ануарханұлы;

– химия ғылымдарының кандидаты, «Химиялық технология және экология» кафедрасының доценті Исанова Бирень Хусаиновна;

– техника ғылымдарының кандидаты, «Экономика және құрылыс» факультетінің деканы Қонақбаева Әсел Нығметоллаевна;

– техника ғылымдарының кандидаты, «Жалпы білім беру пәндері» кафедрасының доценті Танагұзов Бахтияр Төленұлы;

– «Қазақстан тарихы және жалпы білім беру пәндері» кафедрасының аға оқытушысы Мырзаханова Айнұр Темірболатқызы.

Сонымен қатар, облыс әкімінің Құрмет грамоталары табысталды.

Конференция нәтижесінде білім беру бағдарламаларын жетілдіру, ғылыми жобаларды ынталандыру, өндірістік кәсіпорындармен серіктестік орнату, инженерлік мамандықтарды танымал ету және инновацияларды дамытуға қолайлы жағдай жасауға бағытталған ұсыныстар әзірленді.

Бұл конференция Қазақстандағы инженерлік еңбектің беделін арттыру жолында маңызды қадам болды және еліміздегі ғылым мен технологияны дамытуға үлкен үлес қосады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған