Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына жаңа басшы тағайындалды

Просмотров: 2

Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндеттерін орындауға атақты боксшы, Олимпиада чемпионы және Вэл Баркер кубогының иегері Серік Сәпиев кірісті. Оның кандидатурасын ҚР Туризм және спорт министрлігінде арнайы комиссия келіскеннен кейін тағайындау туралы өкімге аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев қол қойды.

Жаңа басшыны спорт қоғамдастығына облыс әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков таныстырды.

– Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің және туризм және спорт министрлігінің келісімі бойынша Серік Жұманғалиұлы Сәпиев Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып тағайындалды. Оның практикалық дағдылары мен білімі оның жаңа лауазымдағы әлеуетін ашуға көмектеседі деп сенеміз, – деді Ораз Тәуірбеков.

Облыс әкімінің орынбасары басқарманың бұрыңғы жетекшісі Темірхан Абылаевқа атқарған қызметі үшін алғысын білдірді.

Серік Сәпиев оған сенім артқаны үшін алғысын білдіріп, облыста спортты дамыту үшін бар күш-жігерін салатынын айтты.

– Мемлекет басшысы айтқандай, биліктің вертикалы құрылуы тиіс. Алда назар аударуды қажет ететін спорт түрлері ескерілетін жаңа заң қабылданады. Қарағанды спортының тарихы зор әрі даңқты. Жетекшілік позицияны қайтару керек. Менің өз жоспарларым, идеяларым бар. Туған жерімді спортқа бейім еткім келеді. Алдымен мен барлық ведомстволық бағынысты ұйымдарды тыңдап, олармен кездесепекшімін, аймақтарды аралаймын. Сапарлар қорытындысы бойынша шешім қабылдаймыз, – деп сұхбатында Серік Сәпиев жоспарларымен бөлісті.

Серік Сәпиев бірнеше біліктілік бойынша жоғары білімі бар: «дене шынықтыру педагогы», «құқықтану», «мемлекеттік және жергілікті басқару», «спорт менеджменті» мамандығы бойынша «Болашақ» халықаралық бағдарламасының стипендиаты.

Еңбек жолын Қазақстан бокс федерациясында бастады: жаттықтырушы-оқытушы, кейін спорт директоры болды. «Astana Arlans» кәсіби спорт клубын басқарды. 2017 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. 2019 жылдың қаңтарында мемлекеттік қызметке ауысты – үш жылға жуық ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетін басқарды. Содан кейін ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті Бас хатшысының орынбасары қызметін атқарды. 2022 жылдың сәуірінен бастап осы тағайындауға дейін «MTEX management» ЖШС спортты дамыту жөніндегі басқарушы директоры болып жұмыс істеді, ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің вице-президенті болып табылады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған