Ардагер: «Сұрапыл соғыста жердің өзі күңіренген еді»

Просмотров: 107

Ұлы Отан соғысы жылдары Қарағанды облысынан майданға 60 мыңға жуық адам аттанған. Олардың 34 мыңнан астамы елге аман-есен оралса, 25 мыңға жуық сарбаз ел қорғау жолында қаза болды.

Ал хабар-ошарсыз кеткендер тізімінде 9400-дей жауынгер тіркелген. Қан майданда  ерлік көрсетіп, 40 жылдан артық еліне еңбек еткен ардагерлеріміздің бірі – 99 жастағы Бүркіт Есжанов. Майдангер 1923 жылдың 3 сәуірінде Қарағанды облысы Тельман ауданының №3 ауылында дүниеге келген. Ардагер балалық шағын қара алтынды Қарағанды қаласымен байланыстырады.

30-шы жыл болмай әкеміз алты ағайынымен: Қарағанды деген кенді өлке ашылыпты, көмірі көп дейді, халқы жақсы өмір сүріп, шахтаға түсіп еңбектеніп жатыр дегенді естіп, көшіп келген екен. Ол кездері Қарағандының көмірі  қазіргіндей жер астында емес, бетінде болатын. Бүгінгідей техникалар жоқ, көмірді түйемен, ат арбамен таситын еді. Біз еңбекке ерте араластық, жалаң аяқ, жалаң бас өстік, – деп еске алады қария.

Бүркіт Есжанұлы  1941 жылы Жамбыл Жабаев атындағы мектепті бітіріп, 1942 жылдың сәуір айында Қарағанды қаласының Киров аудандық әскери комиссариатымен әскер қатарына шақырылады.

Ол жылы немістер Донбасс, Тула көмір өндіру ошақтарын басып алып,  Қарағанды көмірін көптеп  өндіру қолға алынған кез еді. Қалаға жан-жақтан орыс тілді инженерлер келіп, қазақ жұмыскерлеріне көмір өндірудің қыр-сырын үйретті. Жұмыскер дегеніміз күйеулері соғысқа аттанған келіншектер мен бойжеткен қыздар еді.Бәрі де елге көмектесу керек деп жұмыстан қашпады. Мені орыс тілді инженер мен қазақ жұмыскерлері арасына аудармашы етіп қалдырды, – деді қарт майдангер.

Оқыту аяқталғаннан кейін майдангер  Петропавл қаласындағы авиациялық техника училищесіне жіберіледі. Ардагер 1943 жылы соғысқа аттанып Вязьма, Ельна қалаларын қорғап, Орловск-Курск маңындағы ірі шайқасқа қатысады.

Күні-түні авиация саласын оқып, зерттедік, бірақ бізге оқуды аяқтатпады. Сталиннің бұйрығымен Омбы қаласына Фрунзе атындағы жаяу әскер училищесіне жіберді. Ол оқуды да аяқтауға жақын қалғанда түн ортасында дабылмен оятып, қызыл вагонға артып Мәскеуге соғысқа аттандырды. Бұл 1942 жылдың соңы, қыс кезі еді. Бізді 5-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы (бұрынғы 312-ші атқыштар дивизиясы) қатарына алды. Ол сұрапыл шайқаста жердің өзі күңіренді, аспан да өрт, жер де өрт, қызыл қанға боялды.Сол жерде немістер  шабуыл жасап, біз тойтарыс бердік. Сол шайқастардың бірінде қатты жарақаттандым. Госпитальде біраз уақыт емделген соң, ұрыс даласына ұшқыш болып оралдым, – дейді қария.

Майдангер 2-ші Прибалтика майданының 1003-авиация полкінде, одан кейін 2-Забайкалье майданының 262-авиация полкінде ұшқыш-механик болады. 1945 жылы соғысты Латвияда аяқтайды. Фашистік Германияны  жеңгеннен кейін полк жасақталып, Бүркіт Есжанов солтүстік-шығыста Қытай мен Моңғолияны жапондардан азат етуге аттандырылады. 1948 жылы Отан алдындағы борышын өтеп, туған қаласы Қарағандыға оралған.

Елге келгеннен кейін Күмісжан апамен отау құрады. Бүгінде отасқандарына 70 жылдан асқан үлгілі отбасының 8 баласынан тараған 21 немере, 30 ға жуық шөбересі бар.

Ардагер 99 жаста болса да, салауатты өмір салтын ұстанады.2016 жылы 600 метр қашықтыққа дейін жүзуден рекорд жаңартқан.

Күніне таңертең, кешке 2 сағат жаяу серуендеймін, жаттығулар жасаймын. 14 жыл жүзумен айналыстым. 2020 жылы елде пандемия басталды, артынша бассейнде жөндеу жұмыстары жүргізілгесін қойдым. Бұйыртса ашылғасын қайтадан бару ойымда бар, –  дейді ақсақал.

Бүркіт Есжанұлы соғыс даласында көрсеткен ерлігі үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен, сондай-ақ, көптеген мерейтойлық наградалармен марапатталған.

Биылғы жеңістің 77 жылдық мерейтойы қарсаңында ардагер: «еліміз енді ондай соғысты көрмесін,  бейбітшілік заман болсын, жастарымыз ел үмітін ақтасын! Қазіргі буында бәрі бар, тек өткенімізді ұмытпай, салт-дәстүрімізге бекем болыңдар! – деп тілек білдірді.

Сабина ЖАНҚАШҚЫЗЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған