Қарсақбайдан Академияға келген алхимик

Просмотров: 40

Академик Қ.И. Сәтбаев тосын шешім қабылдарда жауапкершілікті мойнына алып, өмірлік тәжірибесіне сүйене білген көреген тұлға. Т.А.Кошкина — Сәтбаеваның және ұлы тұлғаның әріптестері мен шәкірттерінің естеліктерінде кейінгіге ұлағат болар сан алуан оқиғалар баяндалады. Соның бірі – Қарсақбайлық қарапайым зертхана жетекшісінің академияға келуі жайлы оқиға.

1941-1945ж.ж. екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде ғылым мен өнеркәсіп, өндіріс қуаты тұтастай майдан жағдайына келтірілгенін жақсы білеміз. Әсіресе, геологиялық ашылымдар белгілі болған сәттен жедел игеріліп, қорғаныс және әскер қуатын арттыруға жұмылдырылды. Қ.И. Сәтбаев іргесін қалаған Геология ғылымдары институтында жұмыс көлемінің ұлғайған кезеңі. Далалық барлау экспедицияларынан үздіксіз келіп түсетін кен үлгілерін жедел зерттеп, химиялық құрамын анықтау, қор мөлшері мен сапасына болжам жасау – кәсібилікпен қатар асқан жанашырлықты қажет етеді. Осындай кезеңде институттың зертхана жетекшісі реагент жоқтығын сылтауратып, тапсырманы кешіктіріп орындауды әдетке айналдырады. Жағдай қайталана берген соң Қаныш Имантайұлы: «Алматы секілді үлкен қалада отырып, пәленше реагент жоқ деуіңіз ұят емес пе?», – деп ренжиді. Сонау 1930 жылдары Қарсақбайда қыс айында анализ жасауға спирт болмай қалған кезде, геологиялық барлау кеңсесі зертханасының меңгерушісі И.И.Гехт комбинат қоймасынан бір жәшік лак тауып әкеліп, қажетті спиртті содан айырып алғанын мысалға келтіреді. Қ.Сәтбаевтың ескертуіне зертхана меңгерушісі намыстанып: «Мен ғылым кандидатымын, академиялық институтта істеймін. Қарсақбайдан Академияға келген алхимик мәртебелі басыммен сізге жабдықтаушы бола алмаймын. Жұмысым ұнамаса алхимик Гехтті алдырыңыз» деп есікті жауып шығып кетеді. Амал қанша, институттағы төрт ғылым кандидатының біреуімен қоштасуға тура келеді. Оның орнына ғылыми атағы жоқ химик И.И.Гехті шақырады. Қ.И.Сәтбаевтың жеке архивінің жинақтаушысы, ҰҒА ардагері, б.ғ.к. Н.В. Ниретинаның дерегі бойынша Иосиф Израилевич Гехт институтта 1945-65ж.ж. еңбек етіп, зертханалық сынама жасауды академиялық деңгейге жеткізеді. Қарсақбайда еңбек жолын бастаған химик кейіннен кандидаттық диссертация қорғайды. И.И. Гехт 1941 ж. алғашқы еріктілер қатарында Жезқазған (Қарсақбай) әскери комиссариатынан әскерге шақыртылып, 213 атқыштар дивизиясының 199 хим. ротасында далалық химиялық зертхана меңгерушісі болып жауынгерлік жолдан өткен. «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Қ.Сәтбаевтың маман таңдаудағы табиғи түйсігінің бір ғана мысалы бұл.

Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған