Астанада Komtrans Astana + BUSexpo және Eurasian Construction Technology Astana 2025 көрмелері өтуде

Просмотров: 12

Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында көлік және құрылыс салаларына арналған ірі халықаралық көрмелер – Komtrans Astana + BUSexpo Astana және Eurasian Construction Technology Astana 2025 көрмелері өз жұмысын бастады. Ауқымды шараға Қазақстан, Қытай, Түркия және Өзбекстаннан келген 230-дан астам компания қатысуда.

Көрме алаңында өндірістік және логистикалық саладағы заманауи технологиялар, нарыққа бейімделген жаңа өнімдер мен шешімдер ұсынылуда. Бұл іс-шара – Қазақстан мен Орталық Азия кеңістігіндегі салалық жетекші платформалардың бірі ретінде бағаланып отыр.

Komtrans Astana + BUSexpo Astana көрмесі – жүк, коммерциялық және жолаушылар көлігіне маманданған кәсіби алаң. Көрме аясында көлік индустриясының негізгі сегменттері біріктіріліп, нақты бизнеске бағытталған B2B форматындағы келіссөздер өтуде. Ал Eurasian Construction Technology Astana 2025 көрмесімен бір алаңда ұйымдастырылуы логистика, құрылыс және инфрақұрылым салаларын тоғыстырған кешенді іс-шараға айналдырып отыр.

Көрменің ашылу салтанатында ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев сөз сөйлеп, еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарды атап өтті:

«Көлік және логистика – жаһандық экономиканың өзегіне айналған стратегиялық сала. Қазақстан бүгінде транзиттік әлеуетін арттыруда. Бұл ретте, Орта дәліз, Солтүстік–Оңтүстік бағыттары және өзге де халықаралық маршруттарды дамытуға басымдық берілуде. Мұндай көрмелер – жаңа идеялар жобаларға айналатын, кәсіпкерлік әріптестік нақты келісімдерге ұласатын шешуші алаң», – деді ол.

Көрмеде ауыр жүк көліктері, автобустар, құрылыс алаңына арналған арнайы техника, телематикалық жүйелер, автосервиске арналған жабдықтар ұсынылған. Технологиялық жетістіктермен қатар, салааралық кооперацияны дамытатын әріптестік келісімдер мен презентациялар өтіп жатыр.

Business Media Central Asia компаниясының басшысы Ануар Мәлік көрменің салалық маңызына тоқталып, болашақ жоспарлармен бөлісті:

«Komtrans + BUSexpo Astana көрмесі – көлік және логистика саласына арналған нақты шешімдер алаңы. Мұнда өнімдер ғана емес, кәсіби әріптестік пен нақты жобаларға негіз болатын келіссөздер жүреді. Алдағы уақытта біз тақырыптық көрмелерді өткізуді жалғастырамыз», – деді ол.

Шетелдік қатысушылар арасында Қазақстанмен өндірістік кооперацияны кеңейтуге ниетті ірі компаниялар бар. Әсіресе Қытай, Түркия және Өзбекстан кәсіпорындары елімізді Орталық Азия нарығына шығатын басты платформа ретінде қарастырып отыр.

Messe Frankfurt компаниясының вице-президенті Майкл Йоханнес Қазақстанның логистикалық әлеуетіне жоғары баға берді:

«Бұл жолы көрме аясында бірнеше бағыттың бір арнаға тоғысуы кездейсоқ емес. Мұндай кешенді формат Қазақстанның логистикалық өрлеу бағытымен үйлесіп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, логистиканы тиімді ұйымдастыру – еліміздің Орталық Азиядағы хаб ретіндегі рөлін айқындайтын шешуші тетік. Біз осы даму жолын халықаралық серіктестікпен қолдауға әрқашан әзірміз. Келесі көрмеде біз KomTrack атты жаңа бағытты іске қосуды көздеп отырмыз», – деді ол.

Көрме аясында іскерлік бағдарлама да ұйымдастырылған. Панельдік сессиялар, B2B кездесулер мен сараптамалық пікірталастар көлік және құрылыс салаларының өзекті мәселелерін қамтыды. Талқыланған тақырыптар қатарында:

  • «Өңіраралық логистикалық дәліздер: экономикалық ықпал және қаржылық тетіктер»;

  • «Орталық Азиядағы автотасымал кедергілері және цифрлық шешімдер»;

  • «Жұмысшы мамандықтарының жылы: көлік саласының дамуына кадрлық ресурс»;

  • «Қазақстандағы автопаркті жаңарту: қаржылық лизинг, мемлекеттік қолдау және халықаралық тәжірибе» секілді маңызды мәселелер бар.

Сарапшылар логистика саласындағы өңіраралық кооперацияның жаңа бағыттарына ерекше назар аударды. Бұл ретте «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ басқарушы директоры Нұрлан Құлбатыров:

«Шекара бойындағы хабтар желісін дамыту – өңірлік сауданы ұлғайтудың ғана емес, логистикалық тізбектерді жеңілдетудің де нақты құралы. Бұл бастама Қазақстанның трансқұрлықтық сауда дәліздеріндегі рөлін күшейтіп, көршілес елдермен өндірістік кооперацияны жаңа сапалық деңгейге шығарады», – деп атап өтті.

Аймақтардан келген делегациялар техника үлгілерін жергілікті жағдайға бейімдеу және пайдалану мүмкіндіктерін талқылауда.

Көрмені BMCA (Қазақстан) ұйымдастырып отыр. Іс-шара ҚР Көлік министрлігі, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің қолдауымен өтуде.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған