“Асығыстықпен кірген заң жобасы“. Депутат Базарбек Су кодексін әбден сынады

Просмотров: 8

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Су кодексін сынап тастады, – деп хабарлайды 247media.kz

Депутат бұл кодекс асығыстықпен кірген заң жобасы екенін айтты.

«Су кодексі Мәжіліске кірген кезде қитұрқы жолмен, қоғамдық тыңдаулардан өтпеген. Жалпылама қоғамдық тыңдаулардан өтіп, экологиялық сараптаманың теріс қорытындысына ие болған. Содан кейін қайталама сараптамадан өтіп, әйтеуір асығыстықпен кірген заң жобасы», – деді ол.

Бақытжан Базарбек кодекске қандай маңызды түзетулер енгізілгенін баяндады.

«Бірақ жақсының жақсылығын айтайық. Жұмыс тобы аясында асығыстықпен кірген заң жобасын ретке келтірдік. Біріншіден, су шаруашылық құрылыс ғимарат иелерінің жауапкершілігін көздедік. Өкінішке қарай, қоғамда су шаруашылық құрылыс ғимараттарының иелері – кішігірім олигархтар. Олар өзінің аймағында әкіммен, прокурормен, сотпен ауыз жаласып, екі ортада халық судан зардап шегіп отыр, екі ортада өздері де ақша құймайды. Соның кесірінен осындай дәрежеге жетіп отырмыз. Қазіргі Су кодексінің жобасы аясында жауапкершілік күшейіп, су шаруашылық құрылыс ғимараттарының иелеріне қосымша талап қойылып отыр» – деді ол.

Депутат бассейндік су инспекциясына қатысты мәселені де көтерді.

«Бассейндік су инспекцияларының өкілеттігін күшейттік. Мысалы, жер саласында жерді табыстау, жердің нысаналы мақсатын өзгерту жобалары бойынша тек бассейндік инспекциялармен келіседі. Осы уақытқа дейін әкімдер сыбайлас жемқорлыққа бой ұрып, жемқорлық жолмен бассейндік су инспекциясымен келіспей, жерді заңсыз бере берген. Соның кесірінен әрбір су айдындарының жанында құрылыс ғимараттары, тұрғын үйлер, өндіріс ошақтары пайда болды. Сондықтан бассейндік су инспекциясын күшейтіп отырмыз», – деді ол.

Ол су тасқынынан қалған суды тиімді пайдалану керек деген пікірде.

«Биыл топан суды бастан кешірдік. Топан судың салдарын, залалын Су кодексінде көрсетіп отырмыз. Топан судан қалған су – Құдайдың берген байлығы. Шетелдерде байлық. Су тапшылығы кезінде топан судан, ағын судан қалған қарғын суды су қоймаларына жинауымыз керек. Қажет десеңіз, Сарыарқа даласында, Ұлытау, Қарағанды облысында топан судан қалған суды біртіндеп Аралға құятын арнайы ғылыми-зерттеу институттарының жобалары бар. Аралға құюға болады, Аралды толтыруға болады», – дейді ол.

Депутат министрге бассейндік инспекцияларға қатысты ескерту жасады.

«Министр мырза, 8 бассейндік инспекцияға сауал жолдадым. Тек Балқаш-Алакөл инспекциясы толық жауап берді. Қалғандары депутаттың сауалын елемеді. Мен тек Мәжіліс депутаты емес, «Жер аманаты» республикалық жер комиссиясы төрағасының орынбасарымын. Мұны ұмытпаңыздар», – деді Базарбек.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутат Базарбектің мәлімдемесіне пікір білдірді.

«Жақсының жақсылығын айту керек деп бастап едіңіз. Аяғы бәрі сыбайлас, ауыз жаласқан болып шықты», – деді ол.

Айта кетейік, бүгін Мәжіліс отырысында Су кодексі туралы заң жобасы, су ресурстарын қорғау және пайдалану мәселелері бойынша ілеспе түзетулер бірінші оқылымда мақұлданды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған