Атом электр стансалары әлемдегі ең қауіпсіз әрі сенімді энергия көздеріне жатады

Просмотров: 40

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында атом энергетикасын дамыту мәселелері бойынша Қазақстанда АЭС салу идеясына қатысты сарапшылардың пікірлері тыңдалды.

«Қазақстандық атом электр стансалары» компаниясының басшысы Тимур Жантикиннің айтуынша, бұл мәселе елімізде электр энергиясының болжамды тапшылығы аясында қауіпсіз әрі экологиялық атом энергиясын дамыту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында қаралуда.

«Атом электр стансасын салу мәселесі тоқсаныншы жылдардан бері қарастырылып келеді. Қазір энергия тапшылығы және жұмыс істеп тұрған қуаттардың тозу көрсеткіші артқан жағдайда ол қайтадан өзекті болып отыр. Бұл жерде атом электр стансалары әлемдегі ең қауіпсіз әрі ең сенімді энергия көздеріне жататынын атап өткен жөн», — деп мәлімдеді «Қазақстандық атом электр стансалары» компаниясының басшысы.

Жүргізілген зерттеулерден кейін III және III+ буындарының су-су реакторлары ең қолайлы болып таңдалды. Мұндай реакторларда бір-бірін бірнеше дүркін қайталайтын белсенді және пассивті қауіпсіздік жүйелері бар. Олар терең эшелондалған апатқа қарсы қорғаныс деп аталады. Қазіргі реакторларда штаттан тыс жағдайдың пайда болу ықтималдығы өте төмен. Бірақ ондай жағдайда да қауіпсіздік жүйелері оның ықтимал салдарын бейтараптандырады.

Бүгінгі таңда ұсынылған 13 жобаның ішінде Қытай, Корея, Ресей және Франциядан 4 әлеуетті жеткізуші шорт-тізімге енгізілген. Сонымен қатар жобаның шамамен құны және оны салу мерзімі туралы түсінік қалыптастырылды.

«Объективті шындық – Қазақстанның болашағы атом энергетикасымен тығыз байланысты», — деді Т. Жантикин.

Референдум қорытындысы бойынша оң шешім қабылданған жағдайда атом технологиясының нақты жеткізушісін таңдау және жобаның ТЭН-ін бірлесіп әзірлеу келесі маңызды міндет болмақ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған