Қазақстан құрамасы Париж Олимпиадасының ашылу салтанатына қатысты

Просмотров: 23

Қазақстан ұлттық құрамасы Франция астанасы Парижде жалауын түрген XXXIII жазғы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысты. Бұл туралы 247media.kz тілшісі хабарлайды.

Ескек есуден жалғыз қазақстандық спортшы Олимпиада ойындарын бастады.

Тарихта алғаш рет жазғы Олимпиаданың ашылу салтанаты стадионда емес, cу үстінде өтті. Ұлттық құрамалардың спортшылары қайыққа мініп, Париждегі Сена өзенін бойлай шеру жасады. Мемлекеттер шеруіне Қазақстан делегациясы да қатысты. Көк туымызды боксшы Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлет Ольга Сафронова алып шықты. Шымбергенов Париж додасында 71 кг салмақта жұдырықтасса, Сафронова 200 метрге жүгіруден сынға түседі.

Айта кетейік, Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері сегізінші рет жазғы Олимпиадаға қатысып жатыр. Осыған дейінгі Токио Олимпиадасында ұлттық құрама 8 қола медаль иеленіп, 83-орынға тұрақтаған болатын.

Париж Олимпиадасы 11 тамызға дейін жалғасады. Байрақты бәсекеге 205 елден 10 мыңнан астам спортшы қатысады. Олар 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салады. Ал Қазақстан намысын 79 спортшы қорғайды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған