Қазақстанда ғалымдардың 54%-ын әйелдер құрайды

Қазақстанда жалпы ғалымдардың 54%-ын әйелдер құрайды. Бұл туралы ҚР БҒМ Ғылым комитетінің төрағасы Думан Орынбеков «Қазақстан ғалым әйелдері» қоғамдық бірлестігінің форумында айтты.

Елімізде «Қазақстан ғалым әйелдері» қоғамдық бірлестігі ғылым мен қоғамда: заманауи тұлға дамуының этномәдени негіздері» республикалық ғылыми-практикалық форумы өтті. Форумда заманауи тұлға дамуының қайнар көздері, ұлттық сананы қалыптастырудағы ана тілінің, төл мәдениетінің және отбасының рөлі, жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген заманауи көзқарасы сынды мәселелер талқыланды.

Қазақстанда 9738 әйел отандық ғылымның дамуына өз септігін тигізіп жатыр. ҚР БҒМ Ғылым комитетінің төрағасының м.а. Думан Орынбеков шара барысында ғылым саласының дамуына үлес қосып жүрген әйел ғалымдарға алғысын айтты.

Қазақстан ғалым әйелдер қоғамының рөлі біз үшін жоғары. Сіздерді қоғамның 5 жылдық мерейтойымен Білім және ғылым министрлігінің атынан құттықтаймын. Отандық ғылымды дамыту әрқашан министрліктің басты назарында. Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, Қазақстанда жалпы ғалымдардың 54%-ын әйелдер құрайды. Бұл жоғары көркеткіш. Еліміздегі ғалым әйелдердің басын қосып, осындай шаралар өткізетін сіздер сияқты ұйымдардың бар болғанына қуаныштымыз. Ғылымдағы әйелдер қауымы әрқашан талантты, креативті және олар өзекті әрі маңызды жобаларды жүзеге асыруда. Әлеуеттеріңіздің серпінді ғылыми әзірлемелер жасауға мүмкіндік беретініне, еліміздің экономикасын көтеруге үлесін қосатынына сенімдімін, – деді Орынбеков.

Сондай-ақ форумда «Қазақстан ғалым әйелдері» қоғамдық бірлестігінің бес жылда атқарған жұмысы баяндалды. Қазақстандық ғалым әйелдер қоғамы президенті Таңат Аяпованың айтуынша, ұйымның мақсаты – ғылымдағы әйелдердің орны мен маңызын айқындап көрсету, болашақ ұрпаққа басты құндылықтарды әртүрлі іс-шаралар арқылы жеткізу.

Өскелең ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіруге атсалысу біздің міндетіміз деп санаймын. Елімізде ғалымдарға қолдау көрсетіліп жатыр. Әйел ғалымдар жайлы энциклопедияның екінші томын дайындалып жатыр, оны жастарға, PhD докторларға арнаймыз. Бүгінге дейін магистранттарды қоғамдық бірлестікке тарту ерте деп ойлаған едім. Бірақ алдағы уақытта жастарды қоғамға тарту, қатарымызға әртүрлі мамандық бойынша магистрлерді қосу жоспарланып отыр. Қоғам мүшелеріне үлкен ризашылығымды білдіремін. Бүкіл әлем Қазақстанда әйел ғалымдар бар екенін білуі тиіс, – деді профессор.

Ғалым әйелдер қоғамының бес жылдығына арналған форумның ұйымдастырылуына Сулейман Демирель университеті Мультидисциплинарлық білім беру орталығының өкілдері Жайнагүл Дүйсебекова мен Райхан Абнасырова ерекше үлес қосты.

Білім және ғылым министрлігі қаржыландыратын гранттық жоба аясында оқулықтардың тіліне, мәтіннен тыс аппаратына қойылатын психолингвистикалық талаптар деген үлкен жобамыз бастадық. Ол жобаға Тіл білімі институты, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ мүшелері атсалысуда. Жоба аясында психолингвистикалық модель жасалынып жатыр. Сондай-ақ онда ұлттық құндылықтарға арналған бөлек бөлім бар. Қазақстанның 30 өңіріндегі әртүрлі мектептерге барып, оқулықтарды тәжірибеден өткіздік. Ұлттық құндылықтарды болашақ ұрпақтың бойына сіңіру жолында біз жас зерттеушілер ретінде жауапкершілікті сезінеміз, – деді Мультидисциплинарлық білім беру орталығының директоры Жайнгүл Дүйсебекова.

By admin

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *