Қазақстанның ұлттық резервтері 64 миллиард долларға жетті – Бейсенбаев
Қазақстанның XII Азаматтық форумында Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев елдің экономикалық тұрақтылығын нық сақтап, барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық орындап отырғанын және ұзақмерзімді бюджеттік жоспарлауы бар мемлекеттердің қатарында екенін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біз бюджетке түсімдердің тұрақтылығын және экономиканың орнықты өсімін байқап отырмыз. Азаматтар алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелер толық орындалуда, – деді Елнұр Бейсенбаев.
Қазақстан – үш жылдық бюджет жүйесіне өткен аз елдің бірі
Депутаттың айтуынша, үш жылдық бюджетке көшу – елдің болжамдылық пен стратегиялық басқаруға бағытталған маңызды қадамы.
Қазақстан үш жылдық бюджетке өткен санаулы елдердің бірі. Бұл — экономиканың тұрақтылығы мен ұзақмерзімді жоспарлау қабілетінің айғағы. Әлемде шамамен 50 мемлекет қана осындай жүйеге көшкен, ал қалған 150 ел әлі де тұрақсыздық пен болжанбайтын кіріс жағдайында өмір сүріп жатыр, – деді ол.
2024 жылы Қазақстан бюджетінің кірістері 44 миллиард доллардан асып, бұл көрсеткіш Өзбекстаннан бір жарым есе жоғары болған.
Халықаралық валюта қорының деректеріне сүйенсек, Қазақстан Ираннан 4 миллиард долларға, ал Болгариядан 10 миллиард долларға көп кіріс жинаған, – деп мысал келтірді депутат.
Әлеуметтік саясат: төлемдердің өсуі мен өңірлерді қолдау
Бейсенбаевтың айтуынша, мемлекет зейнетақы мен жәрдемақыны тек индексациялап қана қоймай, жыл сайын олардың мөлшерін арттырып отыр.
Бұл жүйелі тәсіл. Алдағы он жылда әлеуметтік төлемдерге жұмсалатын шығын тағы 10 триллион теңгеге өседі, – деді ол.
2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірлерді дамытуға республикалық бюджеттің 30 пайызы — 76 триллион теңге бағытталған. Бұл — рекордтық көрсеткіш.
Қазақстанда бар болғаны үш өңір ғана бюджеттің доноры саналады, ал он жеті өңір – дотациялық. Негізгі ауыртпалық республикалық бюджетке түседі. Кейде қаражаттың көбірек бөлігін жергілікті деңгейде қалдыру туралы ұсыныстар айтылады, алайда елдің тұрақтылығы мен өңірлердің дамуын дәл осы орталық бюджет қамтамасыз етіп отыр, – деп атап өтті парламентарий.
Резервтер, қарыз және қаржылық тұрақтылық
Бейсенбаевтың айтуынша, Қазақстанның қаржылық қауіпсіздік жастығы айтарлықтай.
Жыл басынан бері халықаралық резервтер, оның ішінде алтын-валюта активтері мен бағалы қағаздар көлемі 20 пайызға өсіп, 52 миллиард долларға жетті. Соңғы деректерге сәйкес, қазір бұл көрсеткіш 64 миллиард долларға тең. Жалпы алғанда, бұл – 63 триллион теңге, яғни елдің үш жылдық бюджетіне балама сома, – деді депутат.
Оның айтуынша, елдің мемлекеттік қарызы қауіпсіз деңгейде – ЖІӨ-нің 25 пайызы көлемінде қалып отыр. Кейбір өңір елдерінде бұл көрсеткіш 40–45 пайызға дейін жетеді.
Қазақстан қаржылық тұрақтылық аймағында қала береді, – деді ол.
Бейсенбаевтың айтуынша, жаңа Бюджет кодексінде қаржының ашық әрі тиімді жұмсалуына арналған нақты тетіктер қарастырылған.
Мақсатты трансферттерді пайдалану қатаң шектелді – тек маңызды инфрақұрылымдық жобаларға бағытталады. Парламенттік бақылау күшейтілді. Біз бюджет тапшылығын азайту бағытын ұстанып, шығыстарды 2 триллион теңгеге қысқарттық. Осы қаражатты Ұлттық қорға сақтадық, – деп түсіндірді депутат.
Қазақстан – негізгі көрсеткіштер бойынша әлемнің үздік 50 елінің қатарында
Депутаттың айтуынша, Қазақстан макроэкономикалық негізгі параметрлер бойынша әлемнің топ-50 еліне кіреді және саяси, экономикалық жүйесінің тұрақтылығын сақтап отыр.
Әрине, кейбір бағыттарда жетілдіруді қажет ететін мәселелер бар, дегенмен ел жалпы алғанда тұрақтылық пен дамудың бірізділігін көрсетіп отыр, – деді Бейсенбаев.
Сонымен қатар ол саяси жаңғыртудың маңызын ерекше атап өтті.
Бізде Ұлттық диалог платформасы қалыптасты, парламенттік мәдениет пен көппартиялық жүйе дамып келеді. Азаматтық белсенділік танытып жүрген жастардың қатары артып барады. Бүгінде әрбір азамат өз пікірін ашық айтуға және ел өміріне еркін қатысуға мүмкіндік алып отыр, – деді депутат.
Оның айтуынша, сайлау жүйесін реформалау нәтижесінде сайлау үдерісі ашық әрі бәсекелі сипатқа ие болған.
Қазір сайлау барлық деңгейде – ауылдан бастап республикалық құрылымдарға дейін – өткізіліп келеді. Бұл демократиялық тәжірибенің қалыпты нормасына айналды, – деп түйіндеді Елнұр Бейсенбаев.