Батыр ана, бақытты әже

Просмотров: 4

Кеңесгүл Ершіманова туралы бір үзік сыр

Ана! Бар болғаны үш әріптен ғана құралған бұл сөз әр адамның өміріндегі ең ардақты, ең аяулы жанды білдіреді. Адам баласының бар байлығы, алтындай асылы, жарық дүниені сыйлаған ана екені ақиқат.

«Ақ айдынға салып бақыт кемесін,
Жүзің жарқын мейіріммен күлесің,
Құтты болсын сексен үшің, анашым,
Өзіңізді Алла демесін», – деген тамаша өлең жолдарымен өрілген құттықтауды тебіренбей оқу мүмкін емес.
«Сіз бізді талаптың тұлпарына мінгізіп, қайраттандырып, қатайтып, өмірдің аламан бәйгесіне қостыңыз, адамның рухы мықты болуы керек деп үйреттіңіз, осы өмірдегі бар жақсылықты бойыңызға жиып, соны бізге дарыттыңыз, әдемі ер жетіп, үйлесімді өмір сүрудің үлгісін көрсеттіңіз, қиындық атаулыны жеңетін сарқылмас күш барын дәлелдедіңіз, сізге қарап өмірді сүйеуге шабыттанамыз!». Бұл тамаша құттықтау лебіз сексеннің сеңгіріне сергек жеткен Батыр ана әрі асыл әже Кеңесгүл Зәмидинқызы Ершімановаға арналған. 11 бала туып өсіріп, бүгінде отыздан аса немере-шөбере сүйіп, бір шаңырақтың ғана емес, елдің анасына айналған асыл жанның Есмұрзаевтар әулетінің түтінін түтетіп, отын жаққанына алпыс жылдан асып кетті. Екі ғасырдың елеулі кезеңдеріне куә болған оның соғыстан кейінгі шаруашылықты қалыпқа келтіру, тәуелсіз Қазақстанның керегесін керіп, іргесін бекітудегі ұлағатты істері ұрпаққа өнеге. Кеңесгүл бүкіл саналы ғұмырын отбасы тіршілігімен қатар, кәдімгі қолмен істелетін қара жұмысқа арнаған.
– Құдай қосқан қосағым, Атабек Әлібекұлы Шиелі аудандық автобазада ондаған жыл шоферлық етті. Кейін сол жерде қойма меңгерушісі болды. Ол әкесі соғыстан оралмаған жалғыз ұл еді, анасы мен қарындасына қарайласып, оқи алмады. Менде де сондай жағдай. Сондықтан біз ерте үйленсек те, бос жүріс, ырду-дырдумен әуестенбей, беріле жұмыс істеп, өзіміз жетпеген биікке балалар жетсін, жоғары білімді маман болсын деген мақсат қойдық, – дейді Кеңесгүл ана.
Наубайханада нан пісірген кейіпкерімнің өзінің жұмысы туралы әңгімесін тыңдап, дене бітімі шағын, қағілез жанның 50-70 келілік ұн қаптарын көтеріп бара жатқан көрінісін көз алдыма елестетудің өзі қиынға түсті.
– Күніне 5-6 мың бөлке нан пісіреміз, жүк тасушы деген штат жоқ ол кезде, елу келілік қапты емін-еркін көтеріп, кете беремін. Ал енді 70 келілік қап тура жерге қадап жібереді-ау, сонда да шыдадық. Осылайша 30 жылдай бір наубайханада жұмыс істеп шықтым, «Жасымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деген тілегім қабыл болды, – дейді ол.
Сексеннің үшеуіне толып отырған жанның әрбір салиқалы сөзі мен адамға деген құрмет ілтипатына, есте сақтау қабілетіне тәнті болдым. Өмірінің әрбір кезеңінен күні кеше ғана болғандай көз алдынан өткізіп, әдемілеп әңгімелеп берді.
«Тегінде адам баласы бір-бірінен ақыл, ғылым, білім, ар, мінез деген қасиеттерімен озады» дейді ғой Абай атамыз. Мен кейіпкерімнің әңгімесін ой таразысына салып, осынша өмірінің мәнді де мағыналы болғанына таңдана, ықыластана көңілге түйдім.
– Апа, осынша жасқа келсеңіз де, оның үстіне көп бала өсіріп, ауыр қол жұмысын істеп, қартайсаңыз да жүріс-тұрыс, сөзіңіз ширақ, ажарыңыз да сол қалпы, «қалай сақталдыңыз?» деген сұрақ тілім ұшында тұр, – деп қалдым.
– Өмірім елдің күрделі кездерімен қатар өткенін біліп отырсың, әр нәрсеге мойын ұсыну, шыдам керек, – деп бір тоқтаған анамыз қазіргі кезде жас отбасыларда өзекті болып тұрған ене мен келін мәселесін де қозғап қойды.
– Қазақстанда шаңырақтың шайқалуы өте жоғары, тіпті әлемде екінші орын деп те естіп қаламын. Мен жиырма жылдай енеммен бірге тұрдым. Ол кісі өте елге сыйлы, айтқанын істететін, мысы басым, қолынан да тілінен де келетін ширақ адам еді. Кейде бір ауылға жақсы кино келгенде қызығып сұрансам жібермейтін. Жолдасыма «өзің бара бер, келін маған шәй құйып береді», – деп рұқсат етпейтін еді. Сонда да қарсы келмей, көздің жасын бір сығып алып, шаруамызға шауып кететінбіз, – дейді.
– Әжем ескі әңгіме, ертегі, қисса-жырды көп білетін, жыр да құрастыратын, Базар ақын атанған той-думанның көркі болды. Жасымыздан бәріміздің әдебиетті жақсы көріп, оқуымызға сол кісінің де әсері болды, – деп әңгімеге араласқан Үрзада, отбасындағы он бірдің екіншісі. ҚазМУ-дің журналистикасын тәмамдап, газетте, телевидениеде жұмыс істеген талантты қаламгер. Жалпы бұл жанұяда бәрі де әр саланың жоғары білімді мамандары. Шетінен өнерпаз. Домбыра шертеді, ән салады. Бір қызы Алуа музыкалық білімі бар кәсіби әнші. Батыр ананың анасы Сара да тегін адам болмапты. Ауылдағылар әнші Сара деп құрметтейді екен, әкесі домбырашы, термеші болған, сондай текті ортадан түлеген ұрпақтың өнерлі, тәрбиелі болуы әрине, заңдылық.
– Қазір жастарда жаман әдеттер баршылық, өзім тәубе деп қуанатыным ұлдарымның бірде-біреуі арақ пен темекіге жолаған жоқ, «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп әкесі екеуміз үнемі сақтандырып, халықтық ырым-тыйымдарды құлақтарына құйып отырар едік, – деген. Әңгіме тақырыбы тәрбиеге ауысқанда тағы бір тосын сырдың беті ашылды. Апаның өзінен бастап бұл әулетте қыз-келіншектердің бәрі кілемшілер, тоқымашылар екен. Қолдары қалт етсе өрмекке отыра қалып, тоқи беретін ісмер жандар. Ана бір жылдары қазіргідей емес, кілем-төсеніштердің қат кезі болғанда түкті кілем, алаша дегендер қолдан тоқылатын, сурет-айшығын, яғни қазіргі тілмен айтқанда дизайнын да өздері қағазға түсіріп, жіпті санап отырып тоқиды. Үлкен түкті кілемге бір айға жуық уақыт кетеді екен. Алдын ала жүнді жуу, сабау, түту, иіру сияқты дайындық жұмыстарының өзі де қыруар уақыт пен елеулі еңбекті қажет етеді. Соған орай тоқыма бұйымдардың отбасы бюджетіне қосатын қаражаты да қомақты болған.
Қызылорданың Шиелі ауданында осылайша өсіп-өнген Есмұрзаевтар әулетінің Теміртауға қоныс тепкеніне де жиырма жылдан асып барады. Мұнда келгелі Кеңесгүл ана өзінің көпшіл, ақжарқын болмысымен қала өміріне араласып, көптеген құрбы-құрдастар тапты. Қазақ мәдени орталығындағы «Сарыарқа әжелері» ансамбліне қатысып, талай концерттерге шыққаны бар. «Асыл әже – ғасыр әже» атты аналардың қалалық байқауында оза шығып, «Асыл әже» номинациясында жеңімпаз атанды.
Ұлды ұяға қондырып, қызды қияға ұшырып, немере-шөберенің қызығын көріп, ұл-келіндерінің аялы күтіміне бөленіп отырған ана шын мәнінде балаларымен бақытты өмір сүруде. Ол төрт қабырғада қамалып отырмайды, жуырда Астанада өткен көшпенділер ойынын тамашалауға барып-келген екен.
– Шын бақытты анасыз. Әрбір анаға осындай жанұя, әдемі қарттық бұйырса ғанибет, – деген тілегіме күн сайын осы өміріне шүкіршілік ететінін жеткізді. Туған жері, өскен ортасы Шиеліден де қол үзбеген. Сағынғанда балалары апарып тұрады. Бір айта кетерлігі ондағы қара шаңыраққа балаларының үлкені Ақылбек ие болып отыр. Ана бір жылы сондағы немересінің үйлену тойында жерлестері бұл үйдің қабырғасына «Үлгілі отбасы» деп жазып қоюға ұсыныс білдірген.
Қоштасар сәтімді Кеңесгүл ана тағы да өзінің енесін есіне алып, ризалықпен бата беріп кеткенін, енді өзі әрбір дастарханға сол ұлағатты сөздерді үнемі айтып, жеткізіп отыратынын хабарлады.
– Өсіп-өніп отырғаным сол анамыздың батасы, қарашаңырақтың есігін жаппай, қайта жандандырып, көркейтіп, немере-шөберелерді, әулеттің тарихымен таныстырып отыруымыздан болар деп үнемі айтып жүремін, – дейді.
Кеңесгүл ананың бір-екі батасын жазып алдым.
Құрметті газет оқырмандары, Батыр ананың батасы сіздерге де жұғысты болсын, әрбір дастарханға осындай әдемі, ақ тілекті баталарды айту дәстүрі қалыптаса берсін.

Серікгүл Алтайбаева,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған