Депутат еліміздегі TikTok жұмысына шектеу енгізуді ұсынды
Депутат қазір ақпараттық ғасыр екенін, оның ішінде әлеуметтік желілер адамзат өмірінің ажырамас бөлігіне айналғанын атап өтті.
«Бұл ретте, балалар мен жасөспірімдер арасында ТикТок кеңінен танымал. Соңғы екі жылда 14,1 млн. қазақстандық тіркеліпті. Бұл желінің негізгі тұтынушылары да – сол бесіктен белі шықпаған балалар мен жастар. Онда пайдалы контенттен гөрі, жастарға теріс әсер ететін зиянды ақпараттар өріп жүр»,- деді ол.
Оның айтуынша, құмар ойындарды жарнамалау, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, боқауыз сөздер, порнография, суицидке шақыру, діни уағыздардың оңды-солды таралуы, буллинг, тыйым салынған заттардың жарнамасы секілді теріс әрекеттерге шақыратын лас ақпараттар осы ТикТок арқылы таралуда.
«Мәселен, «Мысық серуені» деп аталатын челленджді мыңдаған жас қайталаса, оған қатысушылар подиум моделіндей көшеде өтіп бара жатқан адамдардың алдында жүруі тиіс. Мән-мағынасы жоқ челлендждің қаралымы 500 миллионнан асқан. Екі жастың біріне келмеген қыздарымызды бөксемен билеуге шақырып, арнайы үйрену үлгілерін ұсынып жатқан контенттер саңырауқұлақтай қаптады».Жанарбек Әшімжанов
Сондай-ақ, ол әлем елдері желіден келетін қауіп-қатердің етек алуына жол бермеу мақсатында Тик-Токқа шектеу қою немесе ондағы контентке бақылауды күшейтуді қолға алуда екенін айтты.
Мәселен, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдері ТикТок желісіне ішінара немесе толық шектеу қойды. Ал, Франция үкіметі жасөспірімдердің интернетке қолжетімділігін заңнамалық деңгейде реттеді.
«Австралия 16 жасқа дейінгі балаларға қолдануды заңмен шектеді. Осы жоғарыда аталған елдердің бір білгені бар шығар… Еуропалық Одақ, Канада, Ұлыбритания, Жаңа Зеландияда балалар қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылыққа байланысты 2023 жылы шешім қабылдап үлгерген. Керек десеңіз, TikTok-тың атасы саналатын Қытайдың өзінде бұл платформа қолжетімді емес»,- деп толықтырды депутат.
Осыларды айта келіп, Әшімжанов еліміздегі TikTok жұмысына шектеулер енгізуді жедел түрде қарастыру керек екенін жеткізді.
«Біз де жеделдетіп ТикТок-қа шектеу қою мәселесін қарастырғанымыз жөн. Өйткені, ТикТокты шамадан тыс қолданудың психологиялық әлеуметтік және академиялық салдары, баланың санасы мен денсаулығына кері әсері аз емес. Тіпті, офтальмолог дәрігерлер телефонға телмірген балалардың арасында кейінгі бес жылда көз аурулары күрт көбейіп кеткенін айтады. Сондықтан ұрпағымызды ТикТоктан келер азғындықтан арашалап қалу үшін осы мәселені тағы көтеруімізге тура келіп отыр».Жанарбек Әшімжанов
Қорытындылай келе, депутат Үкіметке келесі шараларды қолға алуды ұсынды:
- ТикТоктағы әдепке, ұлттық құндылықтарға, дәстүріміз бен салтымызға қайшы келетін, балалардың санасын улайтын, теріс әдеттерге шақыратын барлық контентке шектеу қою.
- Елімізде ТикТокты кәмелеттік жасқа толмаған балалардың пайдалануына қатаң шектеу қою немесе мүлдем тыйым салу тетіктерін қарастыру керек деп есептеймсіз.
Бұған дейін Пәкістанда 15 жасар қыз TikTok-тағы бейнежазбасы үшін әкесі мен жездесінің қолынан қаза тапқандығы хабарланған болатын.