«Халыққа да қалу керек қой»: Депутат Ермұрат Бәпи Қазақстанның мұнайын сатқан олигархты сынап тастады

Просмотров: 15

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи Қазақстанның табиғи ресурстарын сатқан отандық олигархтарды сынға алды. Ол мұндай әділетсіз сауданы тоқтату керегін айтты. Бұл туралы 247media.kz хабарлайды.

Депутат Ермұрат Бәпи биліктің тек уақытша дүние екенін еске салды.

“Мемлекеттің иесі – халық, жердің иесі – қазақтар. Билік келіп, кетеді. Ал қазақ пен жер мәңгі қалады. Бұрынғы үкімет жер бетінде не бар, бәрін сатып жіберді. Жер бетіндегі басқа байлықты айтпағанның өзінде, ауылда қазақтың санаулы малын бағатын жер қалмады. Қазақтың байлығын талан-таражға салған клептократтарға (биліктегі ұрылар) айтарым: «Ұрлықпен тапқан байлыққа тойған екенсіңдер, кетсеңдерші, тым болмаса халыққа бір нәрсе қалдырыңдар”. Енді жаңа үкімет кезінде жекелеген олигархтар жер қойнауы мен пайдалы қазбаларды сатып жатыр деген ақпарат тарады», – дейді депутат.

Әсіресе, Ермұрат Бәпи Қазақстан мұнайының сыртқа сатылып жатқанына алаңдаулы.

“ДАТ” газеті Халықаралық журналистік зерттеу консорциумына мүше. Консорциумның зерттеуіне сәйкес, Қазақстандық мұнайы мен мұнай өнімдері шетелде тіркелген әртүрлі компания арқылы сыртқы нарыққа шығарылып жатыр. Заң бойынша халыққа тиесілі пайдалы қазбаларымызды сыртқа шығуын неліктен белгісіз тұлғалар бақылауға алды? Мысалы, қазақстандық мұнайды әлемдік нарықта сататын ең ірі компания «Витоль» Швейцарияда тіркелген. «ҚазМұнайГаз Трейдинг» компаниясы да Швейцарияның резиденті. Сол сияқты «ТеңізШеврОйл» компаниясы өндіретін Теңіз кенішіндегі мұнай да Нидерландыда тіркелген «ҚазМұнайГаз-Финанс» трейдері арқылы экспортталады”, – дейді ол.

Айтуынша, Қашаған мұнайы бірнеше шетелдік компаниялар арқылы экспортталады. Сондай-ақ Сингапурда “EurasianOil” және “PetroChina International” сияқты трейдерлер тіркелген.

“Шетелде тіркелген, мұнай бағасынан Қазақстанның ішкі нарығы мен әлемдік баға арасындағы айырмашылықтан пайда тауып отырған көптеген шетелдік компаниялар бар. Консорциумының дерегінше, “Vitol” сауда компаниясының иесі атақты олигарх Тимур Құлыбаев. Тимур мен оның командасының 22 елде тіркелген 200-ден астам компанияда үлесі бар. Тоятын уақыт келді. Халыққа да бір нәрсе қалу керек қой. Жақында Тимур Құлыбаев құны 500 миллиард доллардан асатын активтерді қайтарды деген ақпарат тарады. Егер айырбас бағамы бойынша есептесек, 1 миллиард доллар – бұл Тимурдың компанияларының 20 жылдан астам уақытта тәркілеген байлығының оннан бір бөлігі ғана”, – дейді депутат.

Сондай-ақ ол қазақстандық мұнайдың SWAP схемасы бойынша: шекарада ішкі қазақстандық бағамен, ал шетелге әлемдік бағамен сатылатынын бәріне белгілі екенін атап өтті.

Депутаттың айтуынша, елдің бюджеттік және әлеуметтік қажеттіліктерін қамтамасыз етудің қосымша екі жолы бар: біріншісі – ұрланған активтерді жедел қайтару, екіншісі – мемлекет мүддесі үшін пайдалы қазбаларды экспорттауды ретке келтіретін бірыңғай оператор құру.

«Пайдалы қазбалар туралы айтқанда, мұнай мен газдан бөлек, нақты деректері әлі қоғамға беймәлім полиметалдар, хром, қорғасын, мырыш және сирек жер металдары да ойға оралады. Өткен жылы мен газ экспорты бойынша депутаттық сауал жолдадым. Онда Қайрат Шәріпбаевтың Қазақстандағы компаниясы мен оның қызының атына шетелде тіркелген саудагердің арасындағы сөз байласу туралы айтылған. Бұған қоса, өткен жылдары Ресеймен ортақ газ нарығын құрдық. Бірақ мысалы, Ресей біздің газды текше метрін 40-50 доллардан сатып алса, әлемдік нарықта оны 300-350 долларға сатады”, – дейді Ермұрат Бәпи.

Депутат халыққа зиян келтіретін, жеке тұлғаларды байытатын әділетсіз сауданы тоқтатып, пайдалы қазбаларды экспорттаудың бірыңғай ұлттық операторын құруымыз керегін айтты.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған