Мал тұқымын асылдандыру қажет

Просмотров: 124

Мал шаруашылығының дамуында өзіндік орыны бар мал басын асылдандыру жұмысы елімізде жақсы жолға қойылған. Бабын келтіріп, көл-көсір табыс тауып отырғандар да жетерлік.

«Мемлекет тарапынан қабылданған «Сыбаға» бағдарламасы асыл тұқымды мал басын көбейтуге негізделген. Тайынша мен бұқа сатып алып, мал басын асылдандыруға мол мүмкіндік. Саннан сапаға жұмыс жасайтын бірегей амал еңбек өнімділігін арттырып, алынған өнім көлемінің артуы мен сапасына зор үлесін қосады» дейді ауыл шаруашылығы саласының мамандары.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» жолдауында: «Жалпы, ауыл шаруашылығы саласының басты міндеті – елімізді негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету» керектігін баса айтты. Шын мәнісінде солай. Өнімділігі жоғары етті және сүтті бағыттағы асыл тұқымды мал басын көбейте отырып, отандық өнім мен ішкі нарықты қамтамасыз етуге күш салу қажет. Осы орайда елде етті бағыттағы асыл тұқымды мал басын өсіруге ден қойылды.

Бір өкініштісі, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мәліметінше, асыл тұқымды шаруашылықтардың және одан алынатын төлдің есебін жүргізілмейді. Мұндай мәліметтерді Нұр-Сұлтан қаласындағы әр тұқымды есепке алатын республикалық палаталар жүргізеді.

Етті бағыттағы асыл тұқымды абердин-ангус төлінің салмағы 12 айда 220 келі басады. Бұқалары тоннаға дейін ет жинайды. Әрі ерекше күтімді қажет етпейді. Жыл он екі ай далада жүреді. Тек шөп пен су қажетті мөлшерде болса болғаны. Қарқаралы ауданындағы репродуктор шаруа қожалығының басшысы Ардақ Елубаев «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 160 ангус тұқымды сиырын сатып алып, көбейту жұмыстарын жүргізді. Бүгінде ол төлдерін аудандағы асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысуға ынталы қожалықтарға таратуда.

— Ангус терісі қалың болғандықтан суыққа төзімді. Генетикалық тұрғыдан алғанда көптеген артықшылықтары бар. Мәселен, туған кезде бұзауының салмағы небәрі 25-27 келі болса, бір жарым жаста 350-400 келіге дейін салмақ береді. Яғни, салмақты тез қосады. 2-2,5 жасар бұқалары 700 келіден жоғары басады. Бастапқыда еліміздегі ғылыми-ветеринарлық орталық арқылы жылжымалы зертхана келіп, эмбриондар әкеліп, қолдан ұрықтандырып, ауруға қарсы егу жұмыстарын жүргізді, – дейді шаруашылық басшысы.

Үкімет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктер бар. Алған несиенің белгілі мөлшерін мемлекет төлейді. Сонымен қатар, мал басының бағым-күтіміне төленетін қаражатты айтса болады. Шаруашылық толығымен автоматтандырылған, жаңа технологиялармен жұмыс жасайды. Бұрынғыдай ат жегіп, арбамен су тасымайды. Ангус суық су ішпейді. Су арнайы қазылған ұңғымадан құбыр арқылы жер астына қойылған цистернаға келіп құйылады. Голландиялық аппараттармен жарақтандырылған цистернада суды жылытатын құрылғы бар.

– Мал басын асылдандырудың маңызы зор. Алдымен қозғаушы факторларды жүзеге асыру қажет. Бірінші, мал ұрықтандырудан хабары бар білікті отандық мамандарды тарту керек. Солар жас мамандарға тәжірибе жүзінде біліктілік курстарын жүргізуі шарт. Екінші, кез келген адам малынан пайда көргісі келеді. Ол үшін мал шаруашылығына ден қойған әр ауданның басында малды қолдан ұрықтандыратын пункттер жұмыс жасауы қажеті. Мейлі ол ақылы болса да, сонда қарапайым халыққа да қолжетімді болады. Мал басын көбейтумен қатар оның сапасының артуына да жіті мән берілуі керек. Қолдан ұрықтандыру — ірі көлемді селекцияны кәдеге жарата отырып, өнімділігі жоғары өндіруші аталықтарды кең көлемде пайдаланып, өнімділік көрсеткіштері төмен малдардың сапасын жақсарту қарқынын жеделдетуге мүмкіндік туғызады,–дейді Қарағанды қаласында орналасқан «Doctor VET» ветеринарлық клиникасының дәрігері Бауыржан Садыханов.

— Қолдан ұрықтандыру – тиімді әдіс, дегенмен, кемшіліктері де жоқ емес. Егер 100 аналықты ұрықтандыратын болсақ, оның 40-50%-нан ғана бұзау алуға болады. Бірақ, таза қанды, генетикасы мықты болады. Қалғандарына бұқа қосылады. Сиыр бұзаулаған кезде генетикалық талдама арқылы қай жолмен алынған төл екені анықталады. Америкадан сатып алынған бұқалар паспортымен келеді. Салыстыра отырып, алынған төлдің таза қандылығын анықтаймыз. Ұрықтандыру әдісі жауапкершілікті әрі қаражатты қажет етеді. Былтырғы жылы бір басты ұрықтандыруға 20 мың теңге жұмсалды. Қожалықта 200-ден астам сиыр бар, – дейді Ардақ Елубаев.

Мал басын тек көбейтіп қана қоймай, одан алынатын өнімнің жоғарылауы — малдың асыл тұқымды болуына байланысты. Ал малды асылдандыруға немесе асыл тұқымды бұқа сатып алуға кез келген шаруашылықтың шамасы жете бермейтіні анық. Мәселен, аталмыш шаруа қожалығы 2013 жылы Америкадан әкелген ангустің бұзауын 4300 долларға, бұқаларын 6,5 мың долларға сатып алған. Оның 25%-ын мемлекет субсидиялады. Бұрын сол бұқадан алынған төлді сатқан кезде жарты құны субсидияланып келді. Яғни, 300 мың теңгенің 150 мың теңгесін Үкімет төледі. Бұл сол кезде үлкен көмек болған еді. Бүгінде бағасы 500 мың теңгеге көтерілген. Ал субсидия сол 150 мың теңге көлемінде қалып отыр. Асыл тұқымды малдың жылдық күтіміне 15 мың теңгеден төленеді. Шаруашылық басшысы айтқан осы фактілерге сүйенетін болсақ, асыл тұқымды мал басын көбейтудің де машақаты аз емес. Алайда, бүгінгі нарықта сапаға жіті мән берілетінін ескерсек, мемлекет тарапынан зор қолдау қажет-ақ. Қазіргі таңда етті ірі қара мал мен сүтті бағыттағы асыл тұқымды шаруашылық базасын құру мақсатында ірі инвестициялық жобалардың көбейту маңызды. Мал сапасы мен өнімділігін арттыру асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытудың басты мақсаты.

Селекционер мамандар ірі қара мал шаруашылығында қолдан ұрықтандырудың тиімді аспектілері болып саналатын бес мәселені басшылыққа алады. Атап айтқанда, біріншіден, сиырларды қолдан ұрықтандыру кезінде асыл тұқымды бұқаларды пайдалана отырып, төлдің өнімділік көрсеткішін аз уақыттың ішінде жақсартып алуға мүмкіндік туады. Екіншіден, белгілі бір мал табынының генетикалық көрсеткішін назарға ала отырып, соған сай бұқа таңдауға, үшіншіден, жұқпалы аурулардың алдын алады, төртіншіден экономикалық жағынан тиімді. Яғни, бұқаларды күтіп-бағуға жұмсалатын шығын көлемін бірнеше есеге азайтады. Бесіншіден, үнемі бақылауда болғандықтан зоотехникалық есепке алу жұмыстарын жеңілдетеді.

Елімізде жайылымдық жер тапшылығы қатты байқалуда. Ауылдағы ағайын қолда бар азын-аулақ малын жаятын жер таппайды. Малдың өскені — елдің ырзығы. Дегенмен, істің ығын білетіндер саннан сапаға назар аударуда. Төрт түлікті асылдандыруға ден қойып келеді.

Сағыныш ӘБІЛ. 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған