Мемлекеттік тіл – мәселе емес, мүмкіндік

Просмотров: 8

Қазақ тілі жайлы сөз қозғалғанда, әлдекімдер әлі де оны ұмыт қалған жұрттың ескі үніне балап, жүрексіне қарайды. Бірі «ресми жерде өтпейді» десе, екіншісі «табысты болу үшін өзге тілді меңгеру керек» дейді. Бірақ шындық мүлде басқа. Бүгінгі Қазақстанда қазақ тілін білу – кемшілік емес, керісінше, артықшылық. Бұл – өз еліңде өмір сүріп қана қоймай, өркендеудің жолы.

Қазақ тілін еркін меңгерген адам – қоғамда өзін сенімді ұстай алады. Ол – сөзі өтімді, пікірі салмақты, ортасына сөзімен, болмысымен ықпал ете алатын тұлға. Ауылдық әкімдік кеңсесінде, мектепте, ауруханада немесе қоғамдық көлікпен жол жүріп келе жатып, айналаңа қазақша сөйлей алсаң – бұл сенің елмен тамырың ортақ екенін білдіреді. Тек сөйлей алу емес, түсіне алу, тыңдай алу – бұл да биік мәдениет.

Көп тілді білу – байлық. Бірақ өз тіліңді білмеу – рухани жоқшылық. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «өз тілін өзі білмеген ел – ел бола алмайды». Бұл – жеке адамға да қатысты. Тіл білмеген адам – өз қоғамында толық тұлғаға айнала алмайды. Кез келген ортада өз ойын ашық айта алмайды, өз құқығын талап ете алмайды, тіпті шын қуана да алмайды. Себебі жүректің тілі – туған тіл.

Мемлекеттік қызметтегі қаншама адам қазір қазақ тілін үйреніп жатыр. Себебі ол талап емес, қажеттілік. Тіпті қарапайым дүкенге кіріп, қазақша сұрасаң, саған құрметпен қарайды. Ал бір жиында ойыңды анық, байсалды түрде қазақша жеткізе білсең – халық сені бірден қабылдайды.

Біздің кейбір қандастарымыздың бойында «қазақша сөйлеу – мәдениетсіздік» деген ескі, тозған түсінік қалып қойған. Бұл – отарлық сана. Нағыз мәдениет – өз тіліңді қадірлеу, оны басқа тілмен тең қою емес, биік қою. Себебі сенің тілің – сенің тамырың. Тамыры жоқ ағаш өспейді. Тамыры жоқ адам да биікке көтеріле алмайды.

Жас буын арасында ана тілін мақтанышпен қолданатындар көбейіп келеді. Олар кітапты қазақша оқиды, шешендік өнерге баулынады, көне сөздердің мағынасын іздейді. Бұл – ұлттың тірі екенін көрсетеді. Себебі ұлт ең алдымен тіл арқылы тірі қалады. Ал тілге деген құрмет – санадағы тәуелсіздік.

Қазақ тілін үйрену – артық салмақ емес, өмір жеңілдететін жол. Бұл – адамдармен еркін сөйлесу, құжаттарды түсіну, пікір алмасу, ақиқатты айту мүмкіндігі. Бұл – сенің еліңмен бірге тыныстауың. Бұл – тамырын сезінген адамның таңдау еркіндігі.

Сондықтан тілді меңгеру – елдің болашағына ғана емес, әрбір азаматтың ертеңгі күніне де жасалған инвестиция. Қазақ тілін білген адам – өз өмірінің тізгінін өзі ұстаған адам.

Қазақ тілін үйренейік деп үндеу тастап, өтінген күн әлдеқашан артта қалды. Қазір тілді білудің өзі – үнсіз жетістік. Ендеше, қазақ тілінде сөйлеу – ерлік емес, күнделікті өмірдің шынайы бейнесі болуы тиіс.

Қазақ тілін білу – мәртебе. Қазақ тілінде сөйлеу – мүмкіншілік. Ал бұл мүмкіндікті жіберіп алу – өзіңе қиянат.

 

Н.Қалқаман,

Теміртау қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шыңықтыру және спорт бөлімінің «Ресурстық тіл орталығы» КММ әдіскері

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған