Металлургия – экономика тірегі

Просмотров: 26
Сурет lug-info.ru

***

Әлемдік болат өндірісіне зер салсақ, 2022 жылы темірдің бұл түрінің жаһандық көлемі шамамен 1,9 миллиард тоннаны құрады. Қытай – болаттың жартысынан көбін өндіретін ең ірі мемлекет. Үндістан, Жапония, АҚШ және Ресей ірі болат өндірушілердің бестігіне енген.

***

Түсті металдар өндірісі. 2021 жылы әлемдік алюминий өндірісі шамамен 67 миллион тоннаны құрады. Ал, сол жылы мыс өндірісі шамамен 21 миллион тоннаға жетті. Чили – әлемдегі өндірістің шамамен үштен бірін құрайтын ең ірі мыс өндірушісі.

***

Экономикалық маңызы. Металлургия өнеркәсібі дүние жүзі бойынша миллиондаған жұмыс орындарын қамтамасыз етіп келеді. Атап айтқанда, Еуропалық Одақта болат өнеркәсібі шамамен 330 мың жұмыс орнын қамтамасыз еткен. Металлургияның көптеген елдердің жалпы ішкі өніміне қосқан үлесі айтарлықтай. Мысалы, Ресейде металлургия елдің жалпы ішкі өнімінің шамамен 5%-ын құрайды.

***

Инвестиция мен инновация. Соңғы жылдары жаңғырту мен экологиялық технологияларға бағытталған инвестиция үлесінің айтарлықтай өсімі байқалады. Мысалы, Qarmet өндірісті модернизациялауға және қоршаған ортаны қорғауға 3 миллиард доллар шамасында инвестициялайды. Электр пеші сынды инновациялық технология көмірқышқыл газы шығарындысын азайтып, энергия тиімділігін арттыруда өте маңызды рөл атқарады.

***

Іргелі мәселелер. Металлургия өнеркәсібі көмірқышқыл газы шығарындысының жоғары деңгейін қоса алғанда, елеулі экологиялық түйт­кілдерге тап келетіні жасырын емес. Болат өндірісі жаһандық көміртегі шығарындысы көлемінің шамамен 7-9% шамасын құрайды. Өндірістегі қауіпсіздік те маңызды міндет болып қала береді. Шахтадағы жазатайым жарылыстар мен қауіпті заттар бөлінісі сияқты бірнеше ірі апаттар еңбек жағдайын жақсарту және қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажеттілігін атап көрсетеді. Аталған дерек қоры металлургия өнеркәсібінің экономикалық және әлеуметтік аспектілердегі маңыздылығын, сондай-ақ, тұрақты даму мен инновациялық технологияларға инвестиция құя түсу қажеттілігін аңғартады.

***

Қазақстанның металлургия­лық кәсіпорындары 2023 жылдың қорытындысы бойынша болат өндірісін 2022 жылмен салыстырғанда 16,4%-ға, яғни, 3,92 млн. тоннаға дейін ұлғайтқан. Еске са­лайық, мемлекетіміз титан, уран, ферроқорытпа және басқа да түсті металдар өндірісі бойынша әлемдегі жетекші орындардың бірін иеленеді. Өндірілген металдардың негізгі бөлігі Қытай, Ресей және Еуропалық Одақ елдеріне экспортталады. Металлургия өнеркәсібі республикамызда ондаған мың адамды жұмыспен қамтуды қамтамасыз етеді. Негізгі металлургиялық кәсіпорындар Қарағанды облысында шоғырланған.

Әзірлеген, Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған