Зауыттағы апат: Ресей мен Түркиядан дәрігерлер алдыртты

Просмотров: 22

Кеше YDD Corporation зауытта зардап шеккендер неліктен ауруханаға қызметтік көлікпен жеткізілгені туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ortalyq.kz Halyq.kz сайтына сілтеме жасап.

– Зауыттың алыста орналасуына және шұғыл көмекті барынша тез көрсету қажеттілігіне байланысты алғашқы көмекті көрсетіп, зардап шеккендерді зауыттың кезекші көлігімен ауруханаға жеткізу туралы шешім қабылданды. Кезекші көлік зардап шеккендерді Мақажанов атындағы ауруханаға жеткізді. Жұмысшыларға барлық қажетті алғашқы шұғыл және амбулаториялық көмек көрсетілді. Сонымен қатар, компания қажетті медициналық көмекті көрсету үшін Ресейден ең жақсы дәрігерлер тобының қысқа мерзімде келуін ұйымдастырды. Бұған қоса, қазіргі уақытта Түркиядан дәрігерлердің келуі күтілуде, – деді корпорацияның баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, компания зардап шеккендерге барлық қажетті көмекті көрсететінін және аурухананың медициналық қызметкерлерімен және зардап шеккендердің туыстарымен үнемі байланыста екенін мәлімдеді.

Ал, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта Қарағанды ферроқорытпа зауытының зардап шеккен сегіз қызметкеріне медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Барлық пациент профессор Х.Ж.Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханада ем алуда.

Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасы бойынша, қосымша медициналық көмек көрсету үшін Астанадағы академик Н.Бәтпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының директоры Олжас Бекарысов бастаған қызметкерлер Қарағандыға арнайы келді.

Медициналық топтың құрамына тәжірибелі комбустиолог-реаниматологтар кірді. Елордалық мамандар жергілікті дәрігерлер алғашқы кезде барлық қажетті медициналық көмекті көрсеткенін атап өтті, – деп қосты ведомство.

Зардап шеккен алты адамның жағдайы өте ауыр болып қалып отыр. Тағы екі науқас интенсивті терапия бөлімінде жатыр. Науқастардың денсаулығы мен өмірі үшін күрес жалғасуда. Ем алушыларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетілмек.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған