Ольга Рыпакова Даниал Ахметовтің орнына жеңіл атлетика федерациясының президенті болды

Просмотров: 19
Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті ауысты. Бұл туралы 2024 жылғы 11 желтоқсанда ҚР Туризм жəне спорт министрлігінің ақпаратынан белгілі болды, деп хабарлайды 247media.kz

Таратылған ақпаратқа сүйенсек, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың қатысуымен Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының 2024 жылды қорытындылау жиыны өтті. Іс-шараға жеңіл атлетика федерациясының президенті Даниал Ахметов, облыстық федерацияның басшылары, спортшылар мен федерация өкілдері қатысты.

«Жиында Даниал Ахметов федерацияның атқарған жұмысы туралы есеп беріп, спорттағы бірқатар маңызды жетістіктерін атап өтті. Оның ішінде, халықаралық жарыстарда қазақстандық атлеттер көрсеткен жоғары нәтижелер мен жеңістер, сондай-ақ жеңіл атлетиканың дамуына бағытталған жаңа бастамалар айтылды».ҚР Туризм жəне спорт министрлігіОтырыста Даниал Ахметов өз қызметін мерзімінен бұрын тоқтататынын мәлімдеп, федерация президенттігіне даңқты жеңіл атлет, Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакованың кандидатурасын ұсынды. Жиынға қатысушылар, соның ішінде облыс федерацияларының басшылығы мен спорт қауымдастығы О.Рыпакованың кандидатурасын бірауыздан қолдады.Министр Ербол Мырзабосынов жеңіл атлетика федерациясын бірнеше жыл басқарған Даниал Ахметовке жемісті қызметі үшін алғыс білдіріп, президенттікке тағайындалған Ольга Рыпакованың қызметіне сәттілік тіледі.

«Жеңіл атлетика – елдегі ең танымал спорт түрлерінің бірі. Қазіргі таңда 360 мыңнан астам отандасымыз дәл осы спорт түрімен кәсіби түрде айналысады. Сондықтан біз бұл спортты жаңа деңгейге көтеріп, оның халықаралық аренада танымалдылығын арттыруымыз қажет. Бүгінгі жиында федерацияның жұмысына қатысты маңызды өзгерістер болып жатыр. Федерацияны бірнеше жыл басқарған Даниал Ахметов қызметінен кетіп жатыр. Оған атқарған жұмысы үшін алғыс білдіремін. Даниал Кенжетайұлының басшылығымен біздің атлеттер халықаралық жарыстарда үлкен жетістіктерге жетті. Енді федерация президенттігіне Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова келіп отыр. Ольга Сергеевнаның отандық жеңіл атлетиканың дамуына қосқан үлесі мол. Алдағы уақытта да еліміздің жеңіл атлетика спортын биіктерге көтереді деп сенеміз», — деп атап өтті Ербол Мырзабосынов.

Жиын соңында министр Ольга Рыпаковаға еліміздегі жеңіл атлетика спортының халықаралық деңгейдегі ынтымақтастығын арттыру, спортшылардың дайындығына және резервті даярлауға ерекше көңіл бөлу қажеттігін тапсырды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған