Реформа – жүйенің жаңа жылдамдықта нәтиже көрсету қабілетін сынайтын кезең

Просмотров: 15

Конституциялық реформа азаматтардың мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейді, әрі басқару жүйесіне институционалдық жүктемені арттырады. Біз технологиялық өзгерістердің жылдамдығы мемлекеттік институттардың бейімделу қарқынынан асып түскен дәуірде өмір сүріп отырмыз. Бұл айырмашылық ескерілмеген жағдайда басқарушылық турбуленттілікке ұшырау қаупі туындайды.

Реформа – тек құқықтық өзгеріс емес, сонымен қатар жүйенің жаңа жылдамдықта нәтиже көрсету қабілетін сынайтын кезең. Егер мемлекет өз білім қорын және мәдени өнімін цифрлық кеңістікте қалыптастырмаса, цифрлық инфрақұрылым сыртқы контентпен толады. Мұндай жағдайда адами ресурс капиталға айналмай, тұтынушы деңгейінде қалып қоюы мүмкін. Ал капитал өнім жасалған жерде ғана қалыптасады.

Сондықтан мәселе мәдени іс-шаралардың санында емес, адами капиталдың көмегімен өндірілетін, таралу жүйесі бар, өлшенетін, қамтитын, қайталама қолдануға болатын әрі уақыт өте келе құнын арттыратын өнімдерде. Бұл – идеологиялық ұстанымнан бұрын, экономикалық модельдің мәселесі.

Конституцияның кіріспе бөлімінде адами капиталды, ғылымды, инновацияны және мәдениетті дамыту стратегиялық бағыт ретінде айқындалған. Цифрлық дәуірде адами капитал мобильді. Оны ұстап қалу институттардың сапасына, өзара интеграциясына және мәдени өндірістік модельге көшуіне тікелей байланысты.

Іс-шаралық модельден мәдени өндірістік модельге көшу, институттардың үйлесімді ықпалдастығы арқылы адами капиталды сақтау – мәдениетті шығын бабы емес, экономикалық инфрақұрылымның бір бөлігіне айналдырады.

Референдум жалпы шеңберді белгілегенімен, нақты нәтиже өңірлік деңгейлерде жүйенің білім, цифрлық контент және шешім өндіруге көше алу қабілетіне тікелей байланысты деп айтуға толық негіз бар.

Салтанат ҚАЙЫРБЕК,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Алматы ашық әдеби мектебінің заманауи поэзия курсының оқытушысы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған