Сенат 2025-2027 жылдарға арналған бюджетті кері қайтарды
Сенат депутаттары 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңды қабылдамай, түзетулерімен Мәжіліске қайтарды, – деп хабарлайды 247media.kz
Сенатор Сұлтанбек Мәкежановтың айтуынша, заң жобасын талқылау барысында тұрақты комитеттер мен депутаттардан оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 136 ұсыныс түскен. Бұл ұсыныстар салыстырмалы кестеге енгізілді.
«2025 жылғы шығындарды 60 миллиард теңгеге арттыру туралы ұсыныстар қолдау тапты. Бұл шығындардың көбеюі үкімет резервін қайта бөлу есебінен жүзеге асырылады», – деді ол.
Осыған орай Сенат 2025-2027 жылдарға арналған «Қазақстан Республикасы Ұлттық қорынан кепілдендірілген трансферт туралы» заңды мақұлдап, «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңды Мәжіліске қайтарды.
Бюджет шығыны тек қайта бөлінді
Сенат кулуарында Мәулен Әшімбаев бюджет шығындарының 60 миллиард теңгеге артпағанын, тек қайта бөлінгенін атап өтті.
«Біз кейбір позицияларды қысқарттық, ал басқаларын толықтырдық, атап айтқанда, үкімет резервінен қаражат бөлдік. Жалпы бюджет көлемін арттырмай, азаматтарымыз бен ауылдық жерлердегі тұрғындар көтеріп жүрген өзекті мәселелер – жолдар, сумен жабдықтау, инфрақұрылымды дамытуға бөлдік. Ең алдымен, бұл – ауыз сумен қамтамасыз ету. Біз республикалық бюджеттің шығындарының бір бөлігін, атап айтқанда 60 миллиард теңге сомасын қайта бөлдік», – деп түсіндірді Әшімбаев.
Бұған дейін Ұлттық қордан трансферттерді тек елдегі дағдарыс жағдайында пайдалану ұсынылған еді.