Спортшылар екі есе аз: Париж Олимпиадасына баратын қазақстандық делегацияға 900 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді

Просмотров: 29

Париждегі Олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан делегациясына 900 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бұл туралы 247media.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстан делегациясының Париждегі Олимпиада ойындарына сапарын ұйымдастыруға мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаржыны Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мәлімдеді.

“Қазақстандық делегацияның қатысуына жұмсалған шығын көлемі қазір 896 миллион 687 мың теңге. Мемлекеттік бюджеттен бөлінген бұл қаражатқа спорт нысандарын жалға алу, сақтандыру, қазақстандық делегацияның ұшуы, штаб мүшелерінің тұратын орны мен тамақтануы кіреді”, – делінген хабарламада.

Делегация мүшелері Олимпиада үшін арнайы салынған аумақта тұрады.



Қазақстандық делегация құрамында Париждегі Олимпиада ойындарына 209 қазақстандық барады.

Қазақстан делегациясы мынадай:

  • спортшылар мен жаттықтырушылар – 149 адам (оның ішінде спортшылар саны – 80)
  • Туризм және спорт министрлігі – 5 адам;
  • Ұлттық Олимпиада комитеті – 10 адам;
  • Спортты дамыту басқармасы – 6 адам;
  • Ұлттық спорттық медицина және оңалту орталығының дәрігерлері, массажистері – 23 адам;
  • БАҚ өкілдері – 16 адам.

26 шілде мен 12 тамыз аралығында Парижде өтетін Олимпиада ойындарына Қазақстан атынан 25 спорт түрінен 80 спортшы бақ сынайды.

Бокстан ұлттық құраманың капитаны, 2023 жылы әлем чемпионы болған Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлетикадан ұлттық құраманың мүшесі, 2014-2018 жылдар аралығында Азия ойындарының чемпионы әрі жүлдегері Ольга Сафронова Олимпиаданың ашылу шеруінде ту ұстап өтеді.

Ұлттық құрама үшін киімдердің бірнеше түрі дайындалды.

Айта кетейік, бұған дейін туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Парижде өтетін ойындарда Азия ойындарындағыдай киімнің жыртылмайтынына сендірген еді.

Еске салайық, 2023 жылы күзде Қытайда өткен Азия ойындары кезінде қазақстандық спортшы Алина Сарқұлова берілген жабдықтың сапасына шағымданды. Маунтин велоспортынан ҚР командасы өкілінің айтуынша, кроссовканың табаны түсіп, жейдесінде тесік пайда болған.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған