Теміртауда еңбек адамдары ұлықталды
Металлург мамандығын меңгерген жандардың бойында төзімділік, өз кәсібіне адалдық, қиындыққа қарсы тұрар күш-жігер болатыны анық. Қаламыздағы «Qarmet» комбинатында ұзақ жылдардан бері еңбек етіп, өндірісте шыңдалған жерлестерімізді әрдайым мақтан тұтамыз. Олар өздерінің маңдай терімен, адал еңбегімен аға буынның сара жолын, дәстүрін басшылыққа алып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып келеді.
Осындай арда азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттау рәсімі кеше қалалық әкімдікте болып өтті.
-Баршаңызға белгілі, өткен айда металлургтер күнін атап өткенбіз. Бүгін сол мерекеге белгілі себептермен қатыса алмаған тұлғаларды құттықтауға рұқсат етіңіздер. Құрметті металлургтер, сіздердің еңбектеріңіз өте қиын, ол үлкен жауапкершілікті талап етеді. Міне, сондықтан да әрбіріңіз қала үшін үлкен маңызға иесіздер, себебі, қаланың негізін құрайтын Сіздер – қарапайым жұмысшылар. Осының арқасында еліміз дамып, нығайып, халықтың тұрмысын жақсартуға қомақты үлес қосып жатқан өнімдерді өздеріңіз өндіріп жатырсыздар.
Кез-келген кәсіпорындағы сияқты, адал еңбегі, ұзақ мерзімді жұмысы, жауапкершілігі және бейімделгіштігі арқасында оларды көшбасшыға айналдырған адамдар бар. Сол себепті «Qarmet» АҚ-ның үздік жұмысшыларын құрметтеп, марапаттауға рұқсат етіңіздер,-деді қала әкімі Ораз Қайсаұлы Таурбеков.
Мұнан соң майталман металлургтер ұлықталды. Көп жылғы адал еңбегі, және Қазақстан Республикасының металлургия саласын дамытуға қосқан зор үлесі үшін «Құрмет» орденімен Жанарбаев Кайрат Рахметуллаевич, Голованов Игорь Алексеевич, Даткабаев Сман Калданович марапатталды. Сонымен қатар ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін Абишев Нуржан Омертаевич, Аймагамбетов Куланбай Акбулатович және Берг Андрей Александрович омырауына қадады. Салтанатты сәт «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған Ганшу Максим Васильевич пен Моностырская Ольга Викторовнаның қуанышына ұласты. Комбинаттың тағы бір жұмыскері Ермолов Алексей Андреевичке ҚР Президентінің «Құрмет грамотасы» тапсырылды.
Өз тілшімізден