Теміртаулық жастар экологиялық акцияға үн қосты

Просмотров: 62

Өндірісті өңір Қарағанды облысы аумағында «Жастар Таза Қазақстан үшін» экологиялық акциясы басталды. Қаланың тазалығына елеулі үлес қосатын шараға алғашқылардың бірі болып теміртаулық жастар үн қатып, «Металлург» стадионының аумағында сенбілік ұйымдастырды.

Бұл экологиялық акция мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының жалғасы болып саналады. Теміртау қаласында 15 маусым күні «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары, жайдарманшы жастар, Қазақстан халқы ассамблеясының жастар қанатының өкілдері және басқа да бір топ белсенді азаматтар сенбілікке шықты. Олар спорт пен салауатты өмір салтының символы саналатын «Металлург» стадионы аумағын арнайы таңдап алған. Бұл жер қала тұрғындарының сүйікті демалыс орны салады. Мұнда тұрғындар спортпен шұғылданып, балаларын ойнатуға және серуендеуге арнайы келеді.
– Бұл жерде күн сайын көптеген адамдар, әсіресе жастар спортпен айналысып, серуендейді. Жақын күндері қалада Металлургтер күні мерекесі атап өтіледі, сондықтан бұл стадионды таңдау кездейсоқ емес. Теміртау жастары өз қатарластарына туған қаласына қалай қарау керектігін көрсетуде, – деді Ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлмира Олжабаева.
Жастар белсенділігі анық аңғарылады. Акция басталған алғашқы сағаттардың өзінде жиырма қаптан астам қоқыс жиналды. Сонымен қатар, қаулап өсіп кеткен шөптер шабылып, көгалдар ретке келтірілді.
– Біздің басты міндетіміз – жастарды экологиялық бастамаларға тарту және ауқымды акцияны белсенді қолдау. Стадионда күн сайын жаттығулар, командалық ойындар өтеді. Street Workout-ойын алаңы кешке спорттың көптеген жанкүйерлерін жинайды. Бүгін біз спортшылар дәл осы жерді тазалауды таңдағанымыз да бекер емес. Тұрғындарды тазалықты қадағалап, спортпен шұғылдануға шақырамыз, – дейді «Тау» спорт клубының еркін күрес бойынша жаттықтырушы-оқытушысы Максим Самцов.
Айта кету керек, сәуір айында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған “Таза Қазақстан” акциясына да теміртаулықтар асқан белсенділікпен үн қатқан болатын. Көктемгі тазалық айлығына қалада 20 мыңнан астам тұрғын қатысып, 15 мың тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық жиналған. Бұдан бөлек, 5 мыңнан астам жасыл желек отырғызылыпты.

Өз тілшімізден

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған