Тіл — тәуелсіздік тұғыры  

Просмотров: 7

Біз ғасырлар бойы ел болу үшін күрестік. Жер үшін, дін үшін, намыс үшін. Бірақ бәрінен бұрын тіл үшін. Себебі тіл – тек қарым-қатынас құралы емес, ол – ұлттың жаны, рухы, тарихы. Тіл бар жерде ел бар. Тіл жойылса – халықтың үні өшеді. Бұл – аксиома. Сондықтан «Тіл – тәуелсіздік тұғыры» деген сөз – ұран емес, ұрпақ алдындағы серт.

Бүгін біз жаңа кезеңге қадам бастық. Уақыт талабы – технология. Ал технологияның жүрегі – жасанды интелект. Ендігі күрес майданы – цифрлық әлем. Бұл жерде жеңіс қарумен емес, тілді кім бірінші енгізіп, цифрлық кеңістікте қаншалықты сөйлете алғанымен өлшенеді. Демек, енді тілімізді қорғаудың жолы – оны жасанды интелектке үйрету. Оны технология тіліне айналдыру. Себебі болашақ – сол жерде.

ChatGPT, Gemini, Claude, Copilot, басқа да нейрожүйелер бүгінде адаммен сөйлеседі. Олардан кеңес аласың, мәтін жаздырасың, ойыңды бөлісесің. Бірақ бір сұрақ: сол жүйелерде қазақ тілі бар ма? Бар. Бірақ жеткілікті ме? Әзірге – жоқ. Неге? Өйткені біз ол ортада қазақша сөйлеп жатқан жоқпыз. Өз тілімізбен сол кеңістікке ене алмай отырмыз.

Бұл – жай ғана ІТ мәселесі емес. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Бүгін технологияға қазақ тілін енгізбесек, ертең жас ұрпақтың санасына енген жасанды интелект қазақты білмей өседі. Қазақша сөйлемейді. Қазақша түсінбейді. Сол кезде тілді оқытатын оқулық қалыс қалады, ал нейрожелімен еркін сөйлесетін ұрпақ – басқа тілде ойлайды. Бұдан артық қауіп бар ма?

Қазірдің өзінде қазақ тілі жасанды интелект жүйелерінде тіркелген. ChatGPT қазақша түсінеді, жауап қайтарады. Бірақ бұл жетістікке сүйеніп отыру – бос үміт. Біз бұл кеңістікті игеруіміз керек. Қазақ тілді контентті көбейтуіміз керек. Қазақ тілінде сөйлейтін қолданушылар санын арттыруымыз керек. Әр қазақ, әр мұғалім, әр журналист, әр жас – технологиямен қазақша сөйлесу арқылы ғана болашаққа жол ашады.

Жасанды интелект – жау емес. Ол – құрал. Оны кім қалай қолданса, пайдасы да, зияны да солай болады. Батыс елдері оны өз тілінде сөйлетіп жатыр. Қытай өз дүниетанымын енгізіп үлгерді. Ресей де барынша ықпал етіп отыр. Ал біз әлі дайындалу үстіндеміз. Уақыт күтпейді.

Болашақтың баласы кітаптан емес, нейрожеліден білім алады. Ол кімнің тілінде сөйлесе, соның құндылығымен өседі. Біз сол болашақ баланың тілі қазақша болсын десек, бүгін әрекет етуіміз керек.

Иә, тіл – тәуелсіздіктің тұғыры. Бірақ ол тұғырды сақтап қалу – тек мерекеде ұрандатумен бітпейді. Ол – күнделікті еңбек. Цифрлық кеңістікке қазақ тілінде ену – сол еңбектің бір парасы. Бұл – бүгінгі буынның тарихи миссиясы.

Ендеше, ұлт ретінде ендігі сұрақ: біз жасанды интелектке қазақ тілін үйрете аламыз ба? Жауап: үйрету – парыз. Себебі бұл – болашаққа естілетін ұлттың дауысы.

Н.Қалқаман,

Теміртау қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шыңықтыру және спорт бөлімінің «Ресурстық тіл орталығы» КММ әдіскері

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған