Жаңа Конституция жобасы – болашаққа салынған берік негіз

Просмотров: 15

Конституциялық комиссия Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасын әзірлегені баршаға мәлім. Маңызды құжаттың мәтіні түгелдей Конституциялық Соттың ресми сайтында жалпақ жұртқа жарияланды. Аталған Ата заң жобасында Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелерінің пікірлері негізге алынды.

Конституциялық комиссияға жаңа Ата заң жобасы бойынша 10 мыңнан астам өтініш түсті. Бұл туралы комиссияның XII отырысында Конституциялық Сот төрағасы Эльвира Әзімова айтты. Комиссия мүшелерінің, азаматтардың, қоғам өкілдерінің, сарапшылар қауымдастығының, бизнес құрылымдарының және өзге де мүдделі тараптардың ұсыныстары мен пікірлері жүйеленіп, тақырыптық бағыттар бойынша топтастырылды.

Адам құқықтары мен бостандықтары – мемлекеттің басты құндылығы. Жарияланған жаңа Конституция жобасының Преамбуласында осы қағида алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде айқын көрініс тапқан.

Құрамына 130 адам кірген комиссия белсенді азаматтар мен сарапшылардан келіп түскен 10 мыңнан астам ұсынысты терең талдап, зерделеп, Ата заңның жаңа жобасына қосымша нормалар енгізді. 12 отырыс, одан бөлек секциялық топтардың жұмысы, БАҚ өкілдері, заңгерлер, лингвистер, филологтар мен саясаттанушылардың сүзгісінен өткен маңызды құжат референдумға шығару ұсынылды.

Конституцияның жаңа жобасы 11 бөлім, 95 баптан тұрады. Мәтіннің 84 пайызы жаңарған. Құжат тұңғыш рет мемлекеттік тілде қайта жазылды.

1-бапта: «Қазақстан Республикасы – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп нақтыланған. Бұл ұстаным маңызды құжаттың мазмұнынан айқын көрініп тұр.

Жаңа Ата заң жобасы кемел келешектің берік негізі іспеттес. Оның басты идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация айқындалған.

3-бапта Қазақстан Республикасы қызметінің негізін құрайтын қағидаттар көрсетілген: егемендік пен тәуелсіздікті қорғау; адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау; заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету; жалпыұлттық бірлікті бекемдеу; халықтың әл-ауқатын арттыру; жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын орнықтыру; қоғамдық диалогты дамыту; еңбексүйгіштік, прогресс, білім құндылықтарын бекіту; жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру; тарихи-мәдени мұраны сақтау және төл мәдениетті қолдау.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп танитыны көрсетілген. Бұл мемлекеттің болашағы минералды ресурстармен емес, адами капиталмен және азаматтардың жетістіктерімен анықталатынын білдіретін маңызды бетбұрыс.

Тағы бір маңызды бағыт – цифрландыру. Конституцияның жаңа мәтінінде алғаш рет азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау туралы норма бекітілді. Сонымен қатар құжатта еліміздің өткенін дәріптеп, бүгіні мен болашағына бағдар беретін құндылықтар екшеп көрсетілген.

4-бапта мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі – Қазақстан халқы екені нақты жазылған. Сонымен бірге жаңа жалпыұлттық диалог платформасы – Қазақстанның Халық Кеңесін құру ұсынылды. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық функцияларын жалғастырады және заң шығару бастамасы құқығына ие жоғары консультативтік орган болады.

Бір палаталы Парламент моделіне арналған нормалар «Құрылтай» бөлімінде көрсетілген. Құжатта кеңейтілген өкілеттіктерге ие бір палаталы жаңа Парламент – Құрылтай құру көзделген. 53-бапқа сәйкес Құрылтай біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша пропорциялы өкілдік жүйесі негізінде сайланатын 145 депутаттан тұрады. Депутаттардың өкілеттік мерзімі – бес жыл.

Жаңа Ата заң жобасындағы тағы бір жаңашылдық – Вице-президент институты. Ол Президент атынан Қазақстан мен шет мемлекеттердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен өзара іс-қимылды жүзеге асырады.

Сарапшылардың пікірінше, Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан дамудың даңғыл жолына қарышты қадам басты. Жаңа Преамбула бүгінгі бейбіт заманның бейнесін, қоғамның ортақ мүддесі мен ұлттық мұратын айқын көрсетеді. Сонымен қатар, әділеттілік, Заң мен Тәртіп қағидаттары алғаш рет Ата заң деңгейінде бекітілмек.

Қоғам белсенділері мен азаматтардың пікірлері де назардан тыс қалған жоқ. Жаңа Конституция бойынша нақты шешімді ел азаматтары жалпыұлттық референдумда қабылдайды.

15 наурыз 2026 жыл – егемен ел тарихындағы маңызды күн. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыхалықтық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Онда «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сауал қойылады.

Небәрі отыз бір күннен кейін әрбір қазақстандық өз таңдауын жасап, дауыс береді. Бұл – Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы үшін маңызды қадам.

Жанбота ЕЛУБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
«Saryarqa» телеарнасының редакторы,
Қарағанды облысы әкімдігінің жанындағы Жастар істері жөніндегі облыстық кеңес мүшесі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған