«ЖУРНАЛИСТ СЫН ҚАБЫЛДАЙ БІЛУ КЕРЕК»: ЖАС ТІЛШІМЕН СҰХБАТ
- Дамира, неге журналист болуды таңдадыңыз? Бұл сала несімен ұнайды?
- “Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден” деген мақал тегін айтылмаған. Мен үшін халқыма қызмет ету бір бақыт. Еліме, жеріме пайдамды тигізгім келеді. Осы мақсатта журналистика мамандығын саналы түрде таңдадым. Әрине, екінші кезекте көгілдір экран менің бала күнгі арманым болған.
- Жас тілші ретінде өзіңізге қай бағыт көбірек ұнайды? Өзіңізді 10 жылдан кейін медианың қай саласынан көресіз?
- Жас тілші ретінде өзіме экран алдында жүрген ұнайды. Әрине, радио, газет-журналдар да журналистиканың керемет бір саласы. Алайда, өзімнің талантым мен бойымдағы қасиетіме қарай телеарна бағыты жаныма жақын. Бүгінде жеке сюжеттерімді де жарыққа шығарып үлгердім. Арманға жету үшін нақты 10 жыл қажет деп есептемеймін. Дамыған заманда көгілдір экран алдында жаңалық тарату менің болашағыма деген айқын мақсатым болып отыр.
- Медиа саласында жүрген адам қандай болу керек? Үш сөзбен сипаттаңызшы.
- Ең алдымен Абай Құнанбаев атап кеткен “толық адам” ретінде қалыптасуға тырысу керек. Ал медиа саласындағы адам қайтпас қайсар мінезді, жауапкершілігі мол және адал қызмет ету керек деп санаймын.
- Мемлекеттік арналарда тәжірибеден өту қиын ба? Сіз қай медианы таңдадыңыз?
- Қазір тәжірибеден өту кезінде екі таңдау болады. Нағыз мамандығыңның иесі болып жетілем десең, тәжірибеден қиналып, есесіне біраз нәрсе үйреніп өтесің. Ал ауырдың үстімен, жеңілдің астымен өтем десең, ол да өз қалауың. Маған қай кезде болмасын тәжірибеден өту қиын болмаған. Ұлттық, мемлекеттік арналарда жүрген жақсы. Себебі, ол арналарда масштаб кең. Мысалы, “Хабар” агенттігі жыл сайын тәжірибеден өтуші студенттерді жылы қарсы алып, бар білгендерін үйретеді. Соның ішінде көңілашар бағдарламалар менің таңдауым болды.
- Тәжірибеден өту кезінде қандай жұмыс тапсырылды? Есіңізде қалған тапсырма, қызық оқиға бар ма?
- Тәжірибеде барлық жауапкершілікті мойныма ілді. Солай мен де етім үйреніп, пысық бола білдім. Бағдарламаға сюжет дайындау тапсырмасы берілген. Не түсіремін? Қандай спикер алсам болады? Қандай сұрақтар қоямын деген сауалдарды жеке өзім шешіп, жетекшіме дайындаймын. Жетекшімнің қолдауымен талай сюжетімді Хабар арнасының көреременіне ұсындым. Тәжірибеден өту кезінде қызық оқиға көп болды. Соның бірі, “Ел арна” арнасындағы бағдарламаға алған алғашқы сауалнамам. Көшедегі адамдар микрофон көрсе алыстан қашатынын білеміз. Қайтсем де материалды жинауым керек. Бастапқыда “Жоқ, жауап бере алмаймын, жоқ, түсірмеңізші” дейтін адамдарды көріп еңсем түсетін. Жетекшім “Дамира, сен ақкөңіл болма, көндіріп алуға тырыс, айтқаныңнан қайтпа, сол кезде ғана адамды ұстап қала аласың”, – деді. Кейін жинақталып, жауапкершілікті сезіне бастадым.
- Журналистиканың қоғамдағы рөлі туралы ойыңызды білсек.
- Журналистика – қоғам мен халықты байланыстыратын көпір. Ол көпір жаңалықты дер кезінде жеткізіп, халықты ақпараттандырады. Қай жерде әділетсіздік болса, соны көтеріп, шындықты айтуға тырысады. Сонымен қатар, елдің пікірін қалыптастырып, қоғамдағы мәселелерді шешуге себепкер болады. Яғни, журналист – қоғамға әсер ететін үлкен күштің иесі.
- Көпшілік алдында сөз сөйлеу немесе сұхбат алу кезінде өзіңізді қалай сезінесіз? Қорқыныш, үрейді қалай жеңуге болады?
- Иә, әрине қорқыныш қобалжу болды. Сұхбаттаспас бұрын сөздерді қате айтып, тілім күрмеліп қалса не істеймін деген ойлар көп мазалайтын. Бірінші сұхбатым солай өтті. Бірақ, жауап беріп отырған қонағым өте байсалды адам болып, менің де қобалжығаным басылды. Осылайша сұхбат алу да, көпшіліктің алдында сөз сөйлеу де тәжірибемен келетін дағды. Уақыт өте келе етіңіз үйренгенде еш қорықпай нық сөйлейтін боласыз.
- Жас тілшілерге, журналистика саласын таңдағысы келетін жастарға айтар кеңесіңіз.
- Тілші болам деген жас талапкер ең алдымен сынға шыдай алғаны, төзімді болғаны абзал. Бүгінде журналистика мамандығында білім алып, немен айналысарын білмей жүрген жастар көп. Менің ойымша, бұл өзіне сенбейтін, әрекет етуге тырыспайтын адамның ісі. Халыққа жақын болуды таңдаған болсаңыз, соңына дейін таңдауыңызға адал болыңыз.
- Өзіңіз үлгі тұтатын қазақстандық және шетелдік журналистерді атаңызшы.
- Өзім үлгі тұтатын тілшілердің көшін Жайна Сламбек бастап тұр. Шетелдік тілшілерден Андерсон Купердың мансабына деген тұрақтылығын үлгі тұтамын. Жайна Сламбек – ҚазҰУ түлегі, бүгінде қанша жылдық тәжірибесі бар танымал тележурналист. Кәсібилігі мен сапалы жұмысы оның бейнесін ашық айқындап тұр. Ал Андерсон Купер — CNN арнасының танымал тележүргізуші. Ол көбіне апатты жағдайлар мен әлеуметтік мәселелер туралы тікелей эфирде репортаж жасайтын тілші. Ақпаратты қарапайым, әрі әсерлі жеткізу стилімен көпшіліктің ықыласына бөленген.
- Журналистика деген не? 1 сөзбен жеткізіңізші.
- Журналистика – қоғам үшін ақпарат көзі. Ал мен үшін журналистика менің халқым үшін істей алатын игі істерімнің бастауы.