Жылу электр орталығында Конституциялық реформа түсіндірілді
Қаламызда Жаңа Конституция жобасын түсіндіруге бағытталған кездесулер жалғасуда. Қалалық жалпыұлттық коалиция өкілдері Qarmet АҚ Жылу электр орталығының бу-ауа күштік қондырғылар ұжымымен кездесіп, конституциялық реформаның негізгі ережелерін кеңінен талқылады.
Кездесу барысында ел дамуының стратегиялық басым бағыттары, адам құқықтарын қорғауды күшейту тетіктері және өңірлерді кешенді дамыту мәселелері сөз болды. Ұсынылып отырған өзгерістердің құқықтық жүйені жетілдіруге, басқару тиімділігін арттыруға және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға бағытталғаны айтылды. Бұл бағыттар Қазақстанның ұзақ мерзімді, тұрақты әрі теңгерімді дамуының берік негізі екені атап өтілді.
Жүздесу ашық форматта өтіп, еңбек ұжымы өз ой-пікірлерін білдіріп, реформалардың мазмұнына қатысты сұрақтарына жауап алды. Мұндай кездесулер қоғам мен өндіріс саласы арасындағы диалогты нығайтып, ел болашағына қатысты ортақ түсінік қалыптастыруға ықпал етеді.

