21 қыркүйек күні Теміртауда «Дүниежүзілік тазалық күні» халықаралық акциясы аясында экологиялық сенбілік ұйымдастырылды.
Бұл іс-шара «Бөлу, тапсыру, өңдеу» жобасымен бірге өтіп, оған мектеп оқушылары, экологиялық белсенділер, мемлекеттік органдар өкілдері мен қала тұрғындары белсене қатысты.
«Дүниежүзілік тазалық күні» – әлем бойынша еріктілердің қалалар мен ауылдарды, өзен-көлдер мен орман-тоғайларды қоқыстан тазартуға арналған ең ірі халықаралық акциялардың бірі. Оған теміртаулық табиғат жанашырлары да үн қосып, Самарқант су қоймасының жағалауын тазартты. Көл жағасы тұрғындар арасында ерекше танымал болғанымен, көптеген демалушылар қоқысты жинап, өздерімен алып кетуді ұмыт қалдырады.
Сенбілік барысында қоқыс бөлек жиналып, қайта өңдеуге жіберілді. Іс-шараның нәтижесінде 13 қап қоқыс жиналды, бұл қоршаған ортаны қорғау бағытындағы маңызды қадам болды. Мұндай экологиялық акциялар қала тұрғындарының табиғатты сақтауға деген жауапкершілігін арттырады және қоршаған ортаның тазалығына үлес қосуға ынталандырады.
Теміртаулықтардың мұндай белсенді қатысуы қаламыздағы экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. «Дүниежүзілік тазалық күні» сияқты шаралар болашақта да жалғасын тауып, қоғамның экологиялық мәдениетін дамытуға септігін тигізетініне сенім мол.