№265 учаскеде дауыс беру белсенді түрде өтуде
Теміртау қаласындағы №265 учаскелік референдум комиссиясында дауыс беру үдерісі таңғы сағат 07:00-ден басталып, штаттық режимде жалғасуда. Учаскеге тіркелген азаматтар келіп, өз таңдауларын жасап жатыр.
Комиссия төрағасы Сапар Хамитовтың айтуынша, дауыс берушілер үшін учаскеде барлық қажетті жағдай жасалған. Комиссия мүшелері әр азаматқа дауыс беру тәртібін түсіндіріп, тіркеуден кейін жеке куәліктерін тексеріп, бюллетеньдерін табыстауда.
Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен қариялар үшін де арнайы жағдай қарастырылған. Ал үйден дауыс беруге ниет білдірген тұрғындар үшін көшпелі дауыс беру мүмкіндігі ұйымдастырылған.
Учаскедегі дауыс беру кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады. Комиссия өкілдерінің мәліметінше, референдум ашықтық пен әділдік қағидаттарына сай өтіп жатыр.

