Сауалнама: қазақстандықтардың 70,3 пайызы Құрылтай сайлауына қатысуға ниетті

Просмотров: 15

Қазақстандықтардың басым бөлігі 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген телефон сауалнамасының қорытындысында айтылды.

Зерттеу 2026 жылғы 8–20 шілде аралығында еліміздің барлық өңірінде жүргізілген. Оған 17 облыс пен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында тұратын 1200 азамат қатысқан. Респонденттер мобильді және стационарлық телефон нөмірлері арқылы сауалнамаға тартылды.

Іріктеу барысында Қазақстандағы 18 жастан асқан тұрғындардың жынысы, жасы, тұрғылықты жері мен елді мекен түрі ескерілген. Зерттеу Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына берілген ресми хабарлама негізінде өткізілді.

«2026 жылғы 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысуды жоспарлап отырсыз ба?» деген сауалға респонденттердің 70,3 пайызы оң жауап берген. Сауалнамаға қатысқандардың 23,3 пайызы дауыс беруге бармайтынын айтса, тағы 6,4 пайызы әзірге нақты шешім қабылдамаған.

Зерттеу нәтижесі қала мен ауыл тұрғындарының сайлауға қатысу ниетінде айтарлықтай айырмашылық жоқ екенін көрсетті. Екі топтың арасындағы алшақтық шамамен екі пайыздық тармақты құрайды.

Дауыс беруге ең жоғары дайындық 46–60 жас аралығындағы азаматтар арасында байқалған. Бұл топтың сайлауға қатысу көрсеткіші 18–28 жастағы жастармен салыстырғанда шамамен 10 пайызға жоғары. Әйелдердің дауыс беруге дайын екенін білдіру үлесі ерлерден бес пайыздық тармаққа көп. Сонымен қатар жоғары және аяқталмаған жоғары білімі бар азаматтар арасында сайлау белсенділігі жоғары екені анықталған.

Қазақстандық қоғамдық даму институты сауалнама қорытындысын Орталық сайлау комиссиясына 2026 жылғы 8 шілдеде жолданған №ОСК-11-07/1290 жазбаша хабарлама негізінде жариялады.

Еске сала кетейік, Қазақстан Президенті 1 шілдеде Құрылтай депутаттарының сайлауын 2026 жылғы 23 тамызға тағайындады. Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың күнтізбелік жоспарын және оған қатысатын саяси партиялардың тізімін бекітті.

Құрылтай депутаттығына барлығы 545 кандидат тіркелген. Жаңа өкілді органның құрамына 145 депутат сайланады. Осылайша, бір депутаттық мандатқа орта есеппен 3,8 үміткерден келеді.

 Дереккөз: Kazinform

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған