Саяси жаңғырудың маңызды кезеңі

Просмотров: 18

Құрылтай депутаттарын сайлауға санаулы уақыт қалды. 23 тамызда еліміздің барлық өңірінде сайлау учаскелері ашылып, қазақстандықтар жаңа заң шығарушы органның депутаттарын таңдайды. Бұл науқанның ел тарихындағы орны ерекше. Өйткені азаматтар саяси жүйені ауқымды жаңғырту нәтижесінде құрылған Құрылтай депутаттарын алғаш рет сайламақ.

Жаңа заң шығарушы орган депутаттық корпустың жұмыс тиімділігін арттырып, заң жобаларын қарау үдерісін жеделдетуге, сондай-ақ қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді деп күтілуде.

Дауыс беру қорытындысы бойынша бес жыл мерзімге 145 депутат сайланады. Олар заңдарды қабылдап, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелерді қарайды, мемлекеттік бюджетті бекітеді және парламенттік бақылауды жүзеге асырады.

Құрылтайдағы депутаттық мандаттар үшін жеті саяси партияның өкілдері бақ сынауда. Сондықтан сайлаушылар бірнеше жүз кандидаттың арасынан өз таңдауын жасайды.

Қазіргі уақытта дауыс беру күнін ұйымдастыруға арналған дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Негізгі міндеттердің бірі – сайлау учаскелерінің қалыпты әрі ұйымдасқан жұмысын қамтамасыз етіп, әрбір азаматтың өзінің конституциялық құқығын кедергісіз жүзеге асыруына жағдай жасау.

Сайлауға дайындық барысында мүгедектігі бар және жүріп-тұруы шектеулі азаматтар үшін учаскелердің қолжетімді болуына ерекше назар аударылуда. Ғимараттар пандустармен, тұтқалармен және ыңғайлы кіреберістермен жабдықталып, өту жолдары кеңейтілді.

Денсаулық жағдайына байланысты сайлау учаскесіне өздігінен келе алмайтын азаматтарға учаскеден тыс жерде дауыс беру мүмкіндігі де қарастырылған.

Алдағы сайлау Қазақстанның саяси тарихында жаңа кезеңнің басталуын білдіреді. Ел азаматтары алғаш рет маңызды мемлекеттік шешімдер қабылданатын заң шығарушы орган – Құрылтайдың депутаттарын сайлайды.

Сондықтан 23 тамыз тек дауыс беру күні ғана емес, еліміздің жаңарған саяси жүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды кезеңдердің бірі болмақ.

Нұрлыхан Қалқаманұлы,

247media.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған