Қарағанды облысында биыл 70 модульдік ветеринариялық пункт ашылады

Просмотров: 13

Жыл соңына дейін Қарағанды облысының елді мекендерінде 70 модульдік ветеринариялық пункт орнатылады. Қазір 46 ауылда тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, оның 20-сында монтаждау жұмыстары аяқталуға жақын. Жаңа ветеринариялық пункттердің бірі Бұқар жырау ауданының Петровка ауылында орнатылды.

Заманауи нысан ауыл шаруашылығы жануарларын қабылдап, қажетті ветеринариялық іс-шараларды жүргізуге арналған құрал-жабдықтардың барлығымен қамтамасыз етілген.

Мұнда меңгеруші мен ветеринариялық санитар еңбек етеді. Олар 202 жеке қосалқы шаруашылыққа қызмет көрсетеді.

Осыған дейін Петровка ауылында ветеринариялық пункт болмаған.

— Енді жануарларды ветеринариялық пунктке әкеліп, сол жерден білікті көмек алуға болады. Мұнда малды емдеуге және аурулардың алдын алуға арналған препараттар да сақталады. Биыл облыста осындай 70 нысан салу жоспарланған, оның 14-і Бұқар жырау ауданында бой көтереді, — деді Қарағанды облысының ветеринария басқармасының басшысы Амандық Жакетаев.

Биыл облыстың бірнеше ауданында модульдік ветеринариялық пункттер орнатылып жатыр.

Бұқар жырау ауданындағы алты нысанда — Доскей, Петровка, Тоғызқұдық, Новоузенка, Баймырза және Гагарин ауылдық округтерінде жұмыстар аяқталуға жақын.

Нұра ауданында тағы төрт пункт — Тассуат, Қорғанжар, Индустральная және Донской ауылдық округтерінде салынып жатыр.

Ал Осакаров ауданында 10 нысанды аяқтау жоспарланған. Олар Пионер, Озерный, Батпақты және Садовый ауылдық округтерінде, сондай-ақ Осакаров, Есіл, Маржан­көл, Николаевка, Сұңқар және Құндызды елді мекендерінде орнатылуда.

Жалпы, алдағы екі жылда Қарағанды облысында ветеринариялық инфрақұрылымның 173 нысанын құру жоспарланған.

Ветеринария басқармасының мәліметінше, жаңа пункттердің ашылуы мамандарға ауылдық жерлердің өзінде сапалы қызмет көрсетуге қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді. Бұл ретте шаруашылық иелері үшін ветеринариялық көмектің қолжетімділігі артып, малға ветеринариялық қызмет көрсету сапасы да жақсара түседі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған