Жолдың сапасы төселген асфальттың тегістігімен ғана өлшенбейді. Оның беріктігі мен ұзақ қызмет етуі қолданылған материалға, құрылыс технологиясының сақталуына және бақылаудың пәрменділігіне байланысты. Ал жергілікті жолдарда жүргізілген зертханалық тексерулер осы талаптардың орындалуында әлі де олқылықтар бар екенін көрсетіп отыр. 2026 жылдың басынан бері тексерілген 15 мыңнан астам сынаманың 32 пайызы белгіленген талаптарға сәйкес келмеген. Яғни зерттелген жол-құрылыс материалдарының үштен біріне жуығы сапа сынынан өте алмаған.
Бұл деректер Астанада өткен «Сапалы жолдар: жоспарлаудан пайдалануға дейін» атты семинар-кеңесте жарияланды. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің қатысуымен ұйымдастырылған жиынға өңірлер мен «Жол Сапа» филиалдарының өкілдері қатысып, жергілікті жол желісіндегі өзекті мәселелерді талқылады.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» жүргізген зерттеулер сапалы жолдың негізі құрылыс материалдарын таңдаудан қаланатынын аңғартады. Талапқа сәйкес келмейтін материалды дер кезінде анықтау оның құрылысқа қолданылуына тосқауыл қойып, кейін туындауы мүмкін ақаулардың алдын алуға мүмкіндік береді. Сондықтан зертханалық бақылаудың нәтижесі нақты шешімдерге ұласуы қажет.
Алайда анықталған кемшіліктерді жою қарқыны әзірге көңіл көншітпейді. Жыл басынан бері жергілікті жолдарда 1 997 технологиялық бұзушылық пен ақау тіркелсе, соның 214-і ғана жойылған. Қалған 1 783 кемшілік бойынша жұмыс аяқталмаған. Бұл — тіркелген бұзушылықтардың шамамен 90 пайызы. Мұндай көрсеткіш бақылау нәтижелеріне сай шара қабылдау мен олардың орындалуын қадағалау мәселесінің өзектілігін айқындайды.
Жол нысандарын қабылдау сапасы да назардан тыс қалған жоқ. 2024–2026 жылдары жергілікті атқарушы органдар 1 127 жол нысанын қабылдаған.
Кейін жүргізілген тексерулер барысында олардың бірқатарынан белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін жұмыстар анықталған.
Бұл жағдай нысанды пайдалануға беру кезіндегі жауапкершілікті күшейтіп, орындалған жұмыстың сапасын мұқият бағалаудың қажеттігін көрсетеді.
Семинар-кеңесте өңірлердегі нақты проблемалық нысандар қаралып, зертханалық қорытындылар мен ақаулардың уақытылы жойылмау себептері талқыланды. Мамандар техникалық қадағалау қызметі, мердігер ұйымдар, жергілікті тапсырыс берушілер және «Жол Сапа» өкілдері арасындағы өзара іс-қимылды күшейту керектігін атап өтті. Жол құрылысының әр кезеңінде осы тараптардың міндеттері айқындалып, анықталған кемшіліктерді түзету жұмыстары жүйелі жүргізілуі тиіс.
Жиында нормативтік құжаттарға қатысты мәселелер де көтерілді. Қолданыстағы талаптар арасындағы сәйкессіздіктерді жою үшін нормаларды қайта қарап, нормативтік базаға кешенді ревизия жүргізу ұсынылды.
Мұндай жұмыс жол құрылысы мен қолданылатын материалдардың сапасын бағалауда барлық өңірге ортақ әрі бірізді талап қалыптастыруға мүмкіндік бермек.
Кездесу қорытындысы бойынша жергілікті жолдардың сапасын арттыруға бағытталған нақты шаралар әзірленеді. Онда кемшіліктерді жоюға жауапты тұлғалар мен орындалу мерзімдері белгіленбек. Сонымен қатар нормативтік базаны жаңарту жөнінде ұсыныстар дайындалып, жергілікті жол желісіне арналған үш жылдық іс-шаралар жоспарын қалыптастыру көзделіп отыр.
Жол сапасына қатысты әрбір зертханалық қорытынды мен тексеру актісінің артында тұрғындардың қауіпсіздігі, күнделікті қатынасы және жолдың қызмет ету мерзімі тұр. Сондықтан анықталған ақаулардың белгіленген уақытта жойылуы — бақылау жұмысының нәтижелілігін көрсететін басты өлшем. Ұсынылған шаралардың тиімділігі де түзетілген кемшіліктермен, сақталған құрылыс талаптарымен және халық игілігіне ұзақ қызмет ететін жолдармен бағаланбақ.
Нұрлыхан Қалқаманұлы

