Қарағанды облысында үш колледждің лицензиясы тоқтатылды

Просмотров: 40

Қарағанды облысы прокуратурасының қадағалау актісімен үш білім беру ұйымының мемлекеттік лицензиясының қолданылуы тоқтатылды. Бұл туралы құзырлы орган ресми сайтында хабарлады.

Прокуратура ақпаратынша, Теміртау қаласындағы білім беру ұйымдарын тексеру барысында білім беру және медицина саласындағы міндетті стандарттардың бұзылатыны анықталған.

«Педагогикалық жұмыспен біліктілік санаттары жоқ және біліктілігін арттыру курстарынан өтпеген оқытушылар айналысқан. Сондай-ақ оқытушылардан соттылығы, медициналық қарсы көрсетілімдері, психиатриялық және наркологиялық есепте болу жағдайларына қатысты міндетті тексерулерден өтулері туралы анықтамалар талап етілмеген.
Білім беру ұйымдарының Жарғылық құжаттары белгіленген талаптарға сәйкес келмейді, студенттерді оқуға қабылдау тәртібі бұзылған, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен дәрілік және медициналық бұйымдар сақталған», – делінген хабарда.

Мәселен, Техникалық-экономикалық колледжде 12 оқытушы біліктілігін арттырмай сабақ берсе, Жоғары политехникалық колледжде 5 мұғалімнің біліктілік санаты мүлдем болмаған.

Прокуратураның қадағалау актілері бойынша үш білім беру ұйымының білім беру қызметіне мемлекеттік лицензиясының қолданылуы тоқтатылды. Кінәлілер жауапқа тартылып, 4 мыңнан астам студенттің құқығы қорғалды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған