Қоғамға кім қажет?

Просмотров: 120

Қазір қолында күректей дипломы бар көптеген жастар жұмыссыз жүр. Бұлардың көпшілігі ата-анасының қалауымен белгілі бір мамандықты оқып, білім алады. Алайда, жеме-жемге келгенде білімі қоғамға қажетсіз болып, дипломын сандыққа тастайды. Бұл кімге пайда, кімге зиян?

Өмірде мамандық таңдаудан қателеспеу керек. Ата-ана қалыптасып қалған көзқарастарды бұзып, баланың жанына жақын іспен айналысуына мүмкіндік беру қажет. Бұл – сала мамандарының сөзі.

ДҰРЫС ТАҢДАУ – ТАБЫС КІЛТІ

Оқу жылы да аяқталып қалды. Жастардың алдында «Қайда барамын, кім боламын?» деген сан сауал тұр. Қазіргі жас қай мамандықты таңдағаны дұрыс? Қандай бағыт-бағдар беру керек? Міне, осы сауалдар көптің көкейінде жүрАл, бұған қоғам қалай үн қатты?

Қоғам дамыған сайын еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа мамандықтар пайда болуда. Мәселен, біздің елімізде 129 мамандық жойылып, 239 жаңа мамандық еңбек нарығына шығуда. Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың айтуынша, жаңа мамандықтар атласының 17 өңірлік картасы әзірленген. Сондай-ақ, 7-сыныптан бастап мамандық таңдауға баулитын «педагог-кәсіптік бағдар беруші» маманы енгізіледі. Бұл да мектеп кезінен болашақ мамандардың қазірден мамандығын дұрыс таңдауға, бағыт-бағдар беруге сеп болуы тиіс.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Саясат Нұрбектің айтуынша, баланы ҰБТ-мен қинамау керек. ҰБТ-дан соң да, өмір жалғасады. Сондай-ақ, табысқа жетуде ҰБТ-ның маңызы да болмай қалады. «Әрбір жас мамандық таңдау кезінде мына 3 формула үнемі ойында болуы тиіс: «Нені қалаймын?», «Қолымнан не келеді?», «Еңбек нарығына не қажет?». Міне, осылар адам өмірінің бағытын айқындап, табысқа жеткізіп, қоғамға пайдасын тигізеді», – дейді ол.

Осыдан 10 жыл бұрын болған мына мысалмен бөлісейік. 11-сынып бітірген Айнұр есімді қыз мұғалімдікті оқығысы келеді. Алайда, әкесі қарсы болып, экономист мамандығына ақылы оқуға түсіреді. Бакалавр аяқтаған соң, магистратура оқиды. Қолында 2 дипломы бар жас бәрібір мамандығын сүймейді. Қазір мұғалімдердің жалақысы көбейгенін естіп, Айнұр сол кезде мұғалім болмағанына өкінеді. Дәлірек айтқанда, әкесінің шешіміне…

Мұндай жайт қазір екінің бірінің басында бар

Қазіргі таңда оқу бітірген жастар да, олардың ата-анасы да заңгер, экономист және халықаралық қатынастар мамандығын таңдауға бейім тұрады. Бұл мамандықтар қоғамға кең тарағаны белгілі. Алайда, қоғам өз саласын жетік білетін заңгер мен экономиске жарымай келе жатқаны жасырын емес. Сондықтан, қоғам болып жастардың мамандық таңдауына көмек көрсету қажет. Мамандығына шын берілген жастар кез келген саланың аяққа тұрып, дамуына үлес қосады. Сол себепті, мамандық таңдаудан жаңылмау қажет.

ҚОҒАМҒА ҚҰРЫЛЫСШЫ ҚАЖЕТ, ТІГІНШІ ҚАЖЕТ…

Мамандығы бойынша жұмыс істемеу – бүгінгінің басты мәселесіне айналды. Дипломын құшақтап, әр саланың есігінен сығалап жүрген жастар көп, жұмыс жоқ. Ең қажетті мамандықты оқыса, әрбір адамға жұмыс бірден табылушы еді. Мәселен, тігін фабрикасына тігіншілер жетіспейді, ауылдық жерлерге педагогтер мен дәрігерлер жетіспейді, ғимарат салуға құрылысшылар қажет, тағысын тағылар. Кеше ғана Абай тігін фабрикасына бардық. Директоры тігіншілер жетіспейтінін ашып айтты. 250 мың теңге жалақы алатын жұмысқа жастар келсе екен дейді ол.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлбақыт Жүнісованың айтуынша, бүгінде мамандығы бойынша жұмыс істемейтін жастар көбейген.

– Қазіргі уақытта ең басты мәселе – түлектің мамандық бойынша жұмысқа тұруы. Арнайы құрылған мониторинг тобының өкілдері де осыны растап отыр. Мамандардың дерегіне сәйкес, түлектердің бір бөлігі арнайы білімді талап етпейтін лауазымдарда жұмыс істейтіндігі анықталған. Ал, мамандық бойынша жұмысқа тұрған түлектер орта есеппен 75%-ды құрады. Қазіргі уақытта түлектердің 25%-ы мамандығы бойынша жұмысқа орналаспаған. Оның ішінде 194-і – орта мамандық, 1 260-ы – жұмысшы мамандық иелері. Жыл өткен сайын техникалық және жұмысшы мамандықтарына сұраныс артып келеді, – дейді Гүлбақыт Жүнісова.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов PISA зерттеуі бойынша қазақстандық жасөспірімдердің ең көп таңдайтын мамандықтарын жариялады. Соның алғашқылары – дәрігерлер мен педагогтер екен. Таңдаулы мамандықтардың алғашқы ондығына Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мамандары да кіреді.
Жасөспірімдер жиі таңдау жасайтын жаңа мамандықтардың ондығына «Стоматолог» (4%), «Тауарлар мен киім дизайнері» (3%), «Ғимараттар мен құрылыстардың сәулетшісі» (3%), «Спорт жаттықтырушысынұсқаушысы және спорт саласындағы маман» (2%), «Психолог» (2%), «Косметолог және олармен байланысты маман» (1%), «Жарнама және маркетинг саласындағы маман» (1%), «Графикалық және мультимедиялық дизайнер» (1%) кіреді делінген.

Әрине, түлектер мамандық таңдау кезінде еңбек нарығына ең қажетті деген мамандықты таңдағаны жөн. Сондай-ақ, министрдің жазбасы оқу аяқталар сәттегі түлектердің мамандық таңдауына өзіндік серпін берді.

Ал, облыс бойынша қандай мамандар қат? Облыстық Кәсіпкерлер палатасының Адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Қарлығаш Оспанова қазіргі таңда қоғам қажет ететін, сұранысқа сай мамандықтарды атайды. Қарағанды облыс бойынша құрылысшы мамандары жетіспейді. Жыл сайын құрылысшы мамандығына түсетін түлектердің санын ұлғайтқанмен, бәрібір жетіспеушілік байқалады. Оның айтуынша, жеңіл өнеркәсіп мамандары да осы тізімнің қатарында. Сондай-ақ, жетіспейтін мамандықтар тізіміне – медицина мен білім саласының мамандары да кіреді.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған