Қарағанды облысында референдум өткізу бойынша 777 учаске толығымен дайын

Просмотров: 129

Қарағанды облысында Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум өткізу үшін 777 учаске дайындалды. Олар барлық қажетті заттармен жабдықталған. Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін жағдай жасалған.

Маңызды саяси оқиғаға бірнеше күн қалды. Облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген отырыста референдум өткізуге дайындық талқыланды. Оған облсайлауком мүшелері, департаменттер мен басқармалардың басшылары, бейнеселектор режимінде – қалалар мен аудандардың әкімдері, сондай-ақ аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары қатысты.

– Референдумға дайындық соңғы кезеңге жетті. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп үлкен жұмыс атқарылды. Бүгінгі таңда барлық учаскелер 100 пайызға дайын. Материалдық-техникалық база толық қамтамасыз етілген. Мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше көңіл бөлінді. Сайлаушылар тізімін нақтылау жалғасуда, – деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Еркара Аймағамбетов.

Құқық қорғау органдары мен бірқатар басқармалардың басшылары да референдумға әзірлік туралы баяндады.

Облыс орталығына 179 учаске тиесілі. Сайлаушылар саны 330 872 адамды құрайды. Қарағанды әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, дайындық 100 пайыз.

Естеріңізге сала кетейік, қарағандылықтар өздерін референдумға қатысушылардың тізімінде sailau09.kz және e-krg.kz онлайн-сайттарында тексере алады. Sailau09.kz сайт нұсқасы көру қабілеті нашар адамдар үшін қолжетімді. Сонымен қатар, Senim109 бірыңғай үйлестіру орталығына қоңырау шалуға болады. Операторға өзіңіздің ЖСН немесе жеке куәлігіңіздің нөмірін айту қажет. Ол сіздің қай учаскеде дауыс беру керектігіңізді және ол қай жерде орналасқанын айтады.

Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдум 5 маусымда өтеді. Он сегіз жасқа толған Қазақстан азаматтарының қатысу құқығы бар.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған