Теміртауда көкпардан қалалық турнир өтті

Просмотров: 26

Қаламызда 30 тамыз күні Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған көкпардан ашық турнир өтті. Ұлттық спорт түрін дамыту мақсатында ұйымдастырылған шараға 8 команда қатысып, жалпы жүлде қоры 1 миллион теңгені құрады.

Көкпар – көшпенділер мәдениетінің ажырамас бөлігі, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан құнды мұра. Бұл ойын тек спорттық жарыс емес, сонымен қатар жауынгерлік рухты шыңдауға арналған ерекше сайыс. Ерлер ат үстінде күшін, ептілігін және батылдығын сынай отырып, жауынгерлік дағдыларын жетілдірген. Бүгінде бұл ойын ұлттық құндылықтардың біріне айналып, еліміздің спорттық өмірінде маңызды орын алады.
Ойын ережесі қарапайым, алайда физикалық күш пен шеберлікті талап етеді. Шабандоздар 12 адамнан тұратын екі командаға бөлініп, серкені қолға түсіріп, қарсылас команданың қақпасына салуға тырысады. Алаңға әр командадан 4 ойыншы шығып, олар бір-бірін алмастырып ойнайды. Бұл ойын ат пен адамның біртұтастығын, күшін сынайтын нағыз спорт түрі.
Теміртауда көкпардан мұндай ауқымды жарыс алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Қала әкімінің орынбасары Самат Зияшев турнирдің маңыздылығына тоқталып, ұлттық спорт түрлерін дамыту мақсатында алдағы уақытта да осындай шараларды қолдауды жоспарлап отырғанын атап өтті: – Биыл алғаш рет облыстық көкпар жарысын өткізіп отырмыз. Садақ ату мен көкпар сияқты бұқаралық спорт түрлерін дамыту үшін 20 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл спорт түрлері облыстық және республикалық деңгейде жақсы нәтижелер көрсетіп жатыр. Біздің командаларға сәттілік тілеймін, – деді Зияшев.
Турнирге Теміртау, Қарағанды, Абай, Осакаров және Бұқар жырау аудандарының командалары қатысып, Олимпиада жүйесі бойынша сынға түсті. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарға 500 мың, 300 мың және 200 мың теңге көлемінде жүлделер берілді.
«Тау» спорт клубының жетекшісі Алмат Серімов турнир туралы өз пікірін білдіріп, командалардың жаз бойы дайындалып, жаттығулар өткізгенін атап өтті: – Биыл мемлекеттік тапсырыс аясында біздің команда құрылды. Жігіттер жаз бойы дайындалып, облыстық жарыстарға қатысып, тәжірибе жинады. Спортшылар жақсы дайындықпен келіп, өз деңгейлерін көрсететініне сенімдімін, – деді ол.
Теміртау командасының мүшесі Ернұр Төлеубеков көкпармен 5 жылдан бері айналысып келеді. Ол көкпардың спорттық қана емес, рухани маңызын да атап өтті: – Бұл – біздің ұлттық спортымыз. Ойында рух, мінез бен мықты ат маңызды. Мен командада жартылай қорғаушы рөліндемін. Бүгін бірінші орынды алуға бар күшімізді саламыз, – деді Ернұр.
Төлеубековтің айтуынша, оның скакуны Аманат 8 жаста, ал атын бір жыл бұрын сатып алып, үнемі жаттықтырып келеді.
Теміртау қаласының әкімі Ораз Таурбеков те шараға қатысып, жарыстың ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйледі: – Бұл жобаны мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында алғаш рет жүзеге асырып отырмыз. Ұлттық спорт түрлерін насихаттап, дамыту мақсатында көкпар және садақ ату бойынша қалалық командаларды қолдап жатырмыз. Алған тәжірибемізге сүйене отырып, бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береміз. Бүгінгі жарыста үздік команда жеңіске жетсін, – деді әкім.
Оның сөзін Теміртау қалалық мәслихатының төрағасы Алексей Ломакин де қолдап, ұлттық дәстүрлердің маңыздылығын ерекше атап өтті: – Ұлттық дәстүрлер – біздің мақтанышымыз. Дәстүрлерді ұмытқан халық өзінің болмысын жоғалтады. Біз осындай ұлттық спорт түрлерінің дамып жатқанына қуаныштымыз, – деді Ломакин.
Сайыс қорытындысы бойынша Теміртау командасы жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, турнирдің жеңімпазы атанды. Екінші орынды Бұқар жырау ауданының командасы иеленсе, үшінші орын Қарағайлы командасына бұйырды.
Бұл турнир Теміртауда ұлттық спорт түрлерін дамытудың алғашқы қадамы болмақ. Алдағы уақытта мұндай шаралар спорт сүйер қауымның көңілінен шығып, көкпар секілді ұлттық спорт түрлерін одан әрі жандандыруға ықпал етеді деп сенеміз.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған