Қарағандыда үш мыңнан астам үй орталық газ жүйесіне қосылды

Просмотров: 34

Қарағандыда газдандыру жалғасуда. Қалада 3080 үй орталық газ жүйесіне қосылды. Аймақтық коммуникациялар қызметінің брифингінде газға қосылу үшін не қажет, бөліп төлеудді қалай рәсімдеуге болады және табиғи газбен жылыту құны қанша болатыны туралы айтылды.

Қарағанды облысында газбен жабдықтауға бес жылға бөліп төлеу арқылы қосылуға болады. Бұл бағдарлама өңір әкімінің тапсырмасы бойынша әзірленді. 2023 жылдың басынан бастап оны 512 отбасы пайдаланды. Тағы 200 үйді жыл соңына дейін бөліп төлеу арқылы газдандыру жоспарланған.

– Бұл пайызсыз бөліп төлеу. Ай сайынғы төлем сомасын жабдықты орнататын мердігер анықтайды. Құрылғының жалпы құны 5 жыл мерзімге тең бөлінеді. Мұндай бөліп төлеуді алу үшін тұрғын үй қорын жаңғырту орталығына мына мекенжай бойынша жүгіну қажет: Пассажирская көшесі, 15а, 322 кеңсе. Қажетті соманы көрсете отырып, мердігерлік ұйымнан техникалық шарт, үйге құқық белгілейтін құжаттар, кадастрлық анықтама, тұрғын үй иесінің жеке куәлігін және коммерциялық ұсыныс тапсыруы қажет.  Біз филиалымызда толығырақ кеңес бере аламыз, – деді Қарағанды облысының «Тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы» ЖШС директорының орынбасары Әлібек Аденов брифингте.

Қалада тұрғын үйді орталықтандырылған газ жүйесіне қосудың орташа құны шамамен 700 мың теңге. Бұл соманың негізгі бөлігі газ қазандығы мен компоненттеріне тиесілі.

– Газ қосудың өзі: кірістіру, пломбалау, іске қосуды біз тегін жасаймыз. Қалалық әкімдікте есептегіштер де тегін беріледі. Пайдалануға қабылдау ақысын – 2075 теңге төлеу қажет. Тұрақты техникалық қызмет көрсету шарты шамамен 20 мың теңгені құрайды. Біздің облыста бір текше метр газдың тарифі – 38 теңге. Ауданы 100 шаршы метрге дейінгі үй үшін айына 8-ден 12 мың теңгеге дейін төлеуге тура келеді. Әрине, оның мөлшері терезелердің саны мен сапасына, еден мен төбенің жылу оқшаулауына және т. б. байланысты өзгеруі мүмкін, – деп түсіндірді «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Қарағанды өндірістік филиалының сервистік қызметінің бастығы Аманжол Мұхамет.

Газбен қамту жүйесін төбесі екі метрден кем емес және газ қазандығына арналған бөлмесі бар кез-келген үйге қосуға болады. Оны терезесі ашылатын жеке тұрғын емес бөлмелерде, дәліздерде немесе асүйлерде орнатуға рұқсат етіледі.

Үйге газбен жабдықтау жүйесін қосу бойынша кеңесті QAZAQGAZ AIMAQ Қарағанды филиалынан мына мекен-жай бойынша алуға алуға болады: Ермеков көшесі, 29.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған