Қарағандының солтүстік айналма жолында қарды ұстап қалуға арналған қалқандар орнатылады

Просмотров: 29

Жол жөндеу маусымы аяқталуда. Биыл Қарағанды облысы бойынша республикалық және жергілікті маңызы бар 1032 шақырым автожол жөнделді. Күн тәртібінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жолдарға қысқы күтім жасау шараларына дайындық пысықталған. Өткен қыста проблемалар туындаған Қарағандының солтүстік айналма жолында алдын алу шаралары қабылдануда.

– Қарағандының солтүстік айналма жолында ұзындығы 5,5 км қар ұстайтын қалқандар орнату жоспарлануда. Бүгінде 1,5 км дайын. Айдың соңына дейін тағы 1 км жасалады. 3 км учаске бойынша жер иесімен мәселе шешілуде, – деді аппараттық кеңесте «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Қарағанды филиалының директоры Ерлан Жұмағұлов.

Оның айтуынша, қыста Қарағанды – Теміртау, Қарағанды – Балқаш жолдарына қызмет көрсету үшін қар тазалау техникасы қосылады.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Қожановтың айтуынша, облыстық және жергілікті маңызы бар жолдардағы қысқы жұмыстар үшін 66 мердігер анықталған. 1200-ге жуық жол жұмысшылары мен 1026 арнайы техника жұмылдырылады.

Облыс бойынша боран мен ауа райының қолайсыздығынан жолда қалып қойған адамдарды жылытуға шамамен 35 пункт дайындалды.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев барлық шараларды алдын ала қабылдау қажеттігін атап өтті.

– Барлық ведомстволар жұмыс механизмін, кестесін, кезекшілігін нақты пысықтауы тиіс. Қардың қалың түсуіне бейім учаскелерге ерекше назар аударылуы қажет, – деді өңір басшысы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған