Күн тәртібінде – энергетика мәселесі

Просмотров: 8

Қарағанды индустриалдық университетінде ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың қатысуымен маңызды кездесу өтті. Жиында ең өзекті мәселелердің бірі – жаңа энергиямен қамтамасыз ету ұйымдарына көшу жайы талқыланды.

Өз сөзінің басында Сұңғат Есімханов Қарағанды облысындағы газдандыру жұмыстарының барысы туралы айтты. Оның мәлімдеуінше, жүргізілген жұмыстардың арқасында Қарағандыда 29 528 үй, ал Теміртауда 6 357 үй орталықтандырылған газбен қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ, вице-министр металлургтер қаласының тұрғындарын ерекше алаңдатқан мәселеге – жаңа энергиямен қамтамасыз ету ұйымдарына көшуді қозғады.

– 1 қаңтардан бастап тек электр энергиясын қайта сатумен айналысатын және мемлекеттік реттеуге жатпайтын энергиямен қамтамасыз ету ұйымдарының қызметі заңды түрде тоқтатылады. Олардың орнын антимонополиялық қызмет қадағалайтын ірі компаниялар басады. Теміртау тұрғындары үшін электр энергиясына тариф өзгермейді. Біздің мақсатымыз – бұл процесті мүмкіндігінше ауыртпалықсыз өткізу, – деп атап өтті С. Есімханов.

Басты баяндама аяқталған соң қатысушылар диалогқа көшті. Бизнес өкілдері жаңа энергия жеткізуші ұйымға көшуге қатысты сұрақтарын қойды. Мысалы, Қарағандыда заңды тұлғалар үшін тариф Теміртаумен салыстырғанда айтарлықтай жоғары.

– Тариф қазіргі деңгейде сақталады, – деп сендірді вице-министр.

Кездесу барысында тұрғындар тағы бір өзекті мәселеге тоқталды – Соцгородқа орталықтандырылған газдың қашан жеткізілетіні. Желі бірнеше жыл бұрын тартылғанымен, газ әлі күнге дейін қолжетімді емес. Адамдар газ жабдықтарын сатып алу үшін үлкен қаражат жұмсаған, алайда оның кепілдік мерзімі аяқталуға жақын.

Бұл сұраққа Теміртау әкімі Ғалым Әшімов жауап берді:

– Газдандыру бойынша халықпен кездесу өткізген едім. Біз 4 желтоқсанда өтетін сот отырысын күтіп отырмыз. Шешім шыққаннан кейін желілерді толтыруды бастаймыз. Газ компаниясының өкілі желілерді толтыру және сынау жұмыстарын қыс мезгілінде де жүргізуге болатынын айтты, – деді әкім.

Қазіргі таңда Теміртауда 700-ден астам тұрғын газға қосылу үшін техникалық шарттар алған, олардың 656-сы қазірдің өзінде қосылған.

Кездесуден кейін вице-министр азаматтарды жеке қабылдады.

 

Өз тілшімізден.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған