Металлург даңғылы биыл аяқталуы тиіс
Металлург даңғылын күрделі жөндеу жұмыстары биыл толық аяқталуы тиіс. Қала әкімі Ғалым Әшімов даңғыл бойындағы құрылыс жұмыстарымен танысу барысында мердігер компания өкілдеріне дәл осылай нақты тапсырма берді. Ал, мердігерлер оны орындауға әзір ме?
белсенділер тарапынан жиі сыналатын бір дүние – басты даңғылдың бойындағы жөндеу жұмыстары. Әрине, сын түзелмей, мін түзелмейтіні анық. Дегенмен, жосықсыз айтылатын сындар да басым. Соның бірі «қала тозып кетті, даңғылдың бойымен жүру мүмкін емес» деген пікірлер. Бұл жосықсыз сын. Өйткені, Металлург даңғылы жарты ғасыр бойы жөндеу көрмеген. Асфальт қабаты ғана емес, даңғыл бойымен өтетін инженерлік-комуникациялық желілердің бәрі тозып, түртіп қалсаң үзілгелі тұр. Сондықтан да, республикалық және жергілікті бюджеттен 10 миллиардқа жуық қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Жоба бойынша, құрылыс жұмысын бірнеше жыл бойы жүргізу көзделген. Осы аралықта жылу желісі, суық су, кәріз және электр желілерін де толық жаңарту қажет. Әйтпесе, сыртын жылтыратып қойғаннан еш пайда жоқ.
Хош делік. Қазіргі уақытта №3 жылу магистралін салу толық аяқталған. Қар кетіп, күн жылынған шақта белсенділер магистралдің суда жатқанын айтып дабыл көтерді. Белсенді Думан Жақыпбеков судың сынамасын алып, арнайы зертханаға да табыстаған болатын. Әрине, кеше ғана қыруар қаржыға салынған құбырдың су астында жатуы дұрыс емес. Бұл қып-қызыл шығынға ұшырататын шаруа. Атқарушы билік өкілдері сынға сай жедел әрекет етіп, суды сору жұмыстарын жүргізді. Қала басшысы мердігер компания өкілдеріне жылу желісінің бойын су кірместей қылып реттеуді тапсырды.
Өз тілшімізден.