«Жасыл ел» жасағы жұмысын бастады

Просмотров: 10

Теміртау қаласындағы «Jastar Ortalygy» базасында республикалық «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының XXI маусымының ашылуына арналған брифинг өтті. Іс-шара барысында 2025 жылға арналған жобаның негізгі бағыттары мен мақсаттары жария етілді.

Брифингке Теміртау қаласы әкімдігі жанындағы «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Көжекенов Руслан Мауленұлы, жобаның бас үйлестірушісі Яуда Мирас Ерболатұлы және штабтың SMM-менеджері Елеусізова Мадина Қуанышбекқызы қатысты.
Спикерлердің айтуынша, биылғы еңбек маусымы мамыр айынан қыркүйекке дейінгі кезеңді қамтиды. Осы аралықта бес ауысым бойынша 1000 жас уақытша жұмыспен қамтылады. Оның ішінде 300 орын әлеуметтік осал топтар мен NEET санатындағы жастарға квота арқылы беріледі.
Жас ерекшелігіне қарай еңбек тәртібі төмендегідей белгіленген:
• 14–16 жас аралығындағы жасөспірімдер – күніне 4 сағат жұмыс істейді;
• 16 жастан жоғары қатысушылар – аптасына 5 күн, күніне 6 сағаттан еңбек етеді.
Жалақы мөлшері де нақты көрсетілді:
• 14–16 жастағы қатысушылар үшін – 71 690 теңге;
• 16 жастан жоғары жастар үшін – 105 069 теңге.
Брифинг барысында жобаның тәрбиелік және экологиялық маңызына да ерекше назар аударылды. Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, «Жасыл ел» тек еңбекке баулитын жоба ғана емес, сонымен қатар экологиялық мәдениетті қалыптастыру, жастарды туған қаласының дамуына белсенді араластыру, табиғатты қорғау сияқты маңызды мақсаттарды көздейді.
«Бұл — жастар үшін алғашқы еңбек тәжірибесі ғана емес, туған жерге деген сүйіспеншілікті іспен дәлелдеудің жолы», — деді жоба үйлестірушісі Мирас Яуда.
Жоба аясында жастар қала аумағын көгалдандыру, қоқыстан тазарту, жасыл аймақтарға күтім жасау жұмыстарымен айналысады.
Айта кетейік, «Жасыл ел» жобасы елімізде 2005 жылдан бері жүзеге асып келеді. Осы уақыт ішінде бұл бастама жүздеген мың жасты біріктіріп, елді мекендерді абаттандыру ісіне елеулі үлес қосты.

Өз тілшімізден.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған