Президент Жолдауын жүзеге асыру: гранттар, стипендиялар және жаңа жатақханалар еліміздегі жоғары білімді қолжетімді етеді
Президент Жолдауын жүзеге асыру аясында Үкімет кәсіптік және жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру бойынша жүйелі шаралар қабылдауда. Негізгі қадамдардың бірі тікелей қаржыландырудың едәуір ұлғаюы болды: биылғы оқу жылында 93 мыңнан астам білім гранты бөлінді, бұл бұрынғы көрсеткіштерден 50%-ға артық.
Гранттармен қатар студенттерге материалдық қолдау да күшейтілді. 2024 жылдың қыркүйегінен бастап бакалавриат студенттер шәкіртақысы 20%-ға, ал магистранттар мен докторанттар шәкіртақысының мөлшері 15%-ға көтерілді. Отбасыларды қолдау үшін «Келешек» жинақ жүйесі және «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы сияқты ерте жастан бастап балаға білім беру капиталын қалыптастыруға мүмкіндік беретін ұзақмерзімді жаңа құралдар енгізілді.
Сонымен қатар инфрақұрылым мәселесі де шешілуде. Студенттер ұшін қолайлы жағдай жасау мақсатында 2018 жылдан бері бүкіл республика бойынша 62 мың орынға арналған жаңа 251 студенттер үйі салынды. Бұл жұмыс Жұмысшы мамандықтары жылы аясында жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыруға, сұранысқа ие кадрларды сапалы даярлауға жағдай жасаумен тікелей байланысты.
«Біз академиялық инфрақұрылымды белсенді дамытып жатырмыз. Президент тапсырмасы бойынша 2027 жылға дейін жыл сайын кемінде 10 мың төсек-орын пайдалануға беріледі. Биыл 10 мыңнан астам төсек-орынға арналған 29 жатақхана іске қосылады, соның нәтижесінде Алматыдан басқа барлық өңірде жатақхана мәселесі шешілді. Сондай-ақ елімізде Student Residence үлгісі бойынша жайлылығы жоғары заманауи жатақханалар салынуда. 2023 жылдан бастап жастардың әлеуметтік осал санаттарындағы студенттер үшін жатақханада тұру шығындарын өтеуді енгізу өте маңызды қадам болды»,
— деп атап өтті ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.