Мемлекет экономикаға қатысуын қысқарта отырып, бизнесті шектен тыс тексерістерден қорғауды күшейтеді – Олжас Бектенов Жолдауды жүзеге асыру туралы
Президент Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі шаралар қаралған Үкімет отырысында Премьер-министр Президенттің экономикалық блоктағы тапсырмаларын орындауға баса назар аударды.
Олжас Бектенов Президент мемлекеттік секторды реформалау бағытында нақты ұсыныстар дайындауды тапсырғанын атап өтті.
«Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттің экономикадағы үлесінің нақты шегін және басқаруға қойылатын құқықтық талаптарды заңнамалық тұрғыдан бекітуге тиіс.
Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері қаражатты уақтылы игеруді қамтамасыз етуі қажет. Қаржылық тәртіпті күшейтіп, бекітілген бюджет параметрлерін қатаң сақтау және әрбір теңгені барынша тиімді пайдалануға күш салу керек»,
— деп атап өтті Олжас Бектенов.
Бизнесті шектен тыс тексерістерден қорғау үшін Міндетті талаптар тізілімінің маңыздылығы атап өтілді.
Осыған байланысты Премьер-министр Ұлттық экономика министрлігіне Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесе Интеллект арқылы реттеу орталығының құрылуын ескере отырып, Міндетті талаптар тізілімін толыққанды енгізуді тапсырды.
Сондай-ақ нормативтік актілерге ревизия жүргізіп, олардың Кәсіпкерлік кодексіне сәйкестігін анықтау қажет.
Олжас Бектенов шағын және орта бизнесті қорғау мен ынталандыру басты орынға қойылуы керектігін атап өтті.