Коммуналдық сала – өзекті мәселе
Қасым-Жомарт Тоқаевтың 8 қыркүйектегі Жолдауында айтылған коммуналдық қызмет мәселесі – қалың халықтың күнделікті тіршілігімен тікелей байланысты, ең өткір тақырыптардың бірі. Президент атап өткендей, еліміздегі инженерлік желілердің тозуы, жылу, су, жарық беру ісіндегі үзілістер тұрғындардың тұрмыс сапасына елеулі әсер етуде. Мұндай түйткілді шешудің жалғыз жолы – салаға түбегейлі жаңғырту жүргізу.
Бүгінгі заман – тиімділік пен ашықтық заманы. Қарапайым мысал, газ тұтынушылары үшін арнайы мобильді қосымшаның іске қосылуы – осы өзгерістің бастауы іспетті. Енді азаматтар есепшоттарын қашықтан басқарып, тұтыну тарихын бақылап, уақытылы ескертпе ала алады. Мұндай цифрлық шешімдер тек газбен шектеліп қалмай, электр, жылу, су қызметінде де кеңінен енгізілсе, халық тұрмысы әлдеқайда жеңілдер еді.
Әрине, бұл салаға ірі инвестиция қажет. Бірақ Президент атап өткендей, кез келген жоба ең алдымен халыққа қолжетімді тариф пен сапалы қызмет ұсынуы тиіс. Тарифті көтеру арқылы емес, жүйені жаңғыртып, шығынды азайту арқылы тұрақтылыққа қол жеткізу – басты міндет. Мұндайда әлеуметтік әділеттілік қағидасы бірінші орында тұрады. Табыс деңгейі төмен отбасыларға жеңілдіктер беру – мемлекеттің халық алдындағы жауапкершілігінің айғағы.
Коммуналдық қызмет – бұл жай ғана инфрақұрылым емес, елдің әлеуметтік тұрақтылығы мен адамдардың күнделікті өмір сапасын айқындайтын негізгі өлшем. Әр үйде жарық жанып, су үзілмей ағуы, қыстың қақаған аязында жылу жеткілікті болуы – қарапайым азамат үшін ең үлкен байлық. Сондықтан бұл саладағы реформалар тек техникалық немесе экономикалық жаңғыру емес, халықтың сенімін нығайтуға, өмірге деген оптимизмін арттыруға бағытталған үлкен қадам болмақ.
Арман Әбілқасымов,
қалалық мәслихат депутаты