Қайрат Байбосынов – 75 жаста

Просмотров: 27

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың: «Бір халықтың әні кетсе, әдебиеті жесір қалады. Сәні кетеді. Сәні кетсе, жаны кетеді. Әнді сақтаудың қамын қылыңдар», – деген астарлы сөзі бар.

Ақынның бұл сөзі бүгінгі мерейтой иесі – Арқа ән дәстүрін 21 ғасырда жаңғыртқан, 300-ден астам шәкірт баулып, қазақ өнерін дәріптеген Қайрат Байбосынов ағамыздың жүріп өткен жолын айшықтайды.

  • Бүгін Қарағандыда өткен салтанатты шарада облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев 75-ке толған дарын иесіне: «Өз ауылыңызда бір үйіңіз болсын!» – деп пәтер кілтін табыстады.

Сахна саңлағы салған соқпаққа зер салсақ, ұлт тарихындағы елеулі кезеңдермен астасып жатқанын аңғарамыз:

• Қайрекең Арқа ән дәстүрінің табиғи болмысын сақтай отырып, оны академиялық сахнаға, оқу-ағарту жүйесіне енгізді;

• ауыл-ауылды аралап, сирек кездесетін әндерді ел аузынан жинап, нотаға түсірді. Демек, әннің сахналық ғұмырын ұзартты. Қайрат Байбосыновтың орындауындағы сол әндер Қазақ радиосының АЛТЫН ҚОРЫНДА сақтаулы

• әлемнің әр еліне гастрольдік сапармен барып, қазақ әнін танытты, кеңістігін кеңейтті. Еуропада 30 мыңдай халық жиналған жерде, ашық аспан астында Арқа әнін әуелеткенде, еуропалықтар ұйып тыңдап, ән аяқталғанда ыстық қошеметке бөлеген.

Сұлтанмахмұд Торайғыровтың өсиетін орындап, халқымыздың сәнін кетірмей, жанын сақтап, ұлттық өнерімізді бүгінгі күнге жеткізген, ұстазы – Жүсіпбек Елебековтың аманатын орындаған біртума дарын иесіне тілеріміз – қоңыр дауысыңыздың нәрі кетпей, Арқа әнінің алтын арқауы үзілмесін!

Деніңіз сау, ғұмырыңыз ұзақ болып, ел рухын асқақтататын өнеріңіз талантты шәкірттеріңіздің арқасында жалғасын тапсын!

Әлібек Әлденей,

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған