«Ел иесі құт болса, халық ала болмайды»

Просмотров: 63

«…Орталық Қазақстан! …
Бұл өлкенің болашағы зор екендігін мен анық көремін. Көп уақыт өтпей Қарағандының маңында елге жүздеген мың тонна болат беретін ғаламат металлургия комбинатының корпустары өркен жаяды»

Қаныш Сәтбаев

Елімізде толық металлургия циклімен қара металлургия кәсіпорындарын құру идеясын өткен ғасырдың отызыншы және қырқыншы жылдары-ақ аттары аңызға айналған ғалым, инженер-геолог Қ.Сәтбаевтың ұсынғаны тарихтан белгілі. ХХ ғасырдың ортасындағы қазақ металлургиясының үлкен кәсіпорындарының бірі де бірегейі – Қазақстан Магниткасы болды десек, жаңылыспаймыз.


Егер ой тереңіне бойлап, өткенімізге және бүгінімізге көз жүгіртер болсақ, шын мәнінде қай кезеңде болмасын металлургия саласы мемлекеттің қуатын арттыруда аса маңызды екендігін түсінеміз. Расында еліміздің индустрия саласында қозғаушы күші – металлургия және металлургтер. Сондықтан металлургия дегенде – Қазақстан Магниткасы, Қазақстан Магиткасы дегенде – майталман металлургтер тіл ұшына оралады. Бұл заңды да.
1945 жылы 1-қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Самарқан кенті қала мәртебесін алып, Теміртау болып тарих сахнасына шыққаннан соң, жаңа қала мен завод салуға өз үлестерін қосу үшін берісі Қазақстанның түкпір-түкпірінен, әрісі сол кездегі одақтың көптеген қалаларынан жастар лек-легімен комсомолдық жолдамамен келе бастады. Сөйтіп, 1958 жылды завод құрылысы бүкілодақтың комсомол жастардың екпінді құрылысына айналған-ды. Міне, осы лектің арасында қазақтың қарапайым ауылынан шыққан қаншама бозбала армандарын Теміртаумен, металлургиямен байланыстырды. Олардың көбі сол кезеңдегі қиындықтарға жастықтың жалынымен, күш-қайратымен қарсы тұрып, қажымай-талмай еңбектерімен еленіп, осында тұрақтап қалып, Теміртаудың төл перзентіне айналды, сосын майталман металлург, комбинат ардагері атанды. Осындай абзал азаматтардың қатарында елге тұтқа бола білген Ермек Төлеубаев та бар. Бүгінде сексеннің сеңгірінен асқан ақсақалмен металлургтердің мерекесі қарсаңында жолығып, сұхбаттасаудың сәті түсті.
–Айналайын, Руза қалқам, әу баста-ақ қазақ: «Адам екі түрлі жағдайда қателеспеу керек: бірі – жар таңдағанда, екіншісі – мамандық таңдағанда» деп бекер айтпаған ғой. Металлург мамандығының қыры мен сырын меңгеріп, комбинаттың отымен кіріп, күлімен шығып, бүгінде бейнетімнің зейнетін көріп отырғанымен шүкіршілік етемін. Мен өзімді осы екі мәселеде де дұрыс таңдау жасаған жанмын, яғни қателеспегенмін деп есептеймін,-деп әңгіме тиегін ағытты ақсақал.
Айтса айтқандай, Ермек ақсақал Теміртаудың маңындағы Сұрыптау стансасында дүниеге келген. Әкесі Ыбырай темір жол саласында жұмыс істепті. Ал анасы Әзікеш өмірге біраз перзент әкелгенімен, көбісі жастайынан шетінеп кеткен, қолында ұстап қалғаны үшеу-ақ екен. Ермек ақсақал сол үшеудің ортаншысы. Мектеп бітірген соң сол стансадағы вогондар депосында ағаш ұстасы, токарь секілді жұмысшы маман болды. Жастайынан еңбекпен есейген бозбала Ермек Қазақстан Магниткасы туралы газет-журналдардан оқып біліп, іргедегі Теміртауға табан тірейді. Санасы сергек, көкірек көзі ашық жас жігіт еңбекпен қатар білім алуды да ұмытпайды, политехникалық институттың Теміртау филиалында еңбектен қол үзбей жүріп оқып, жоғарғы білім алады. Алғашында қазақ заводының мартен цехында канавщик болған ол, кейін жиырма сегіз жыл бойы комбинаттың құю цехында шебер, ауысым бастығы, түсті металды қорытушы секілді жауапты жұмыстарды мінсіз атқарады. 1990 жылы 50 жасында зейнетке шыққанымен, зертқанада он екі жыл бірінші санаттағы инженер болып еңбек етеді. Бұл айтуға, жазуға оңай жылдар тізбегі, шын мәнінде әрбір жылдың, әрбір айдың, әрбір аптаның, әрбір күннің, тіпті комбинаттағы әрбір сағаттың маңызы, қызығы мен қиындығы бар. Сын сағатта сүрінбей, керісінше айналасындағыларға үлгі-өнеге бола білген Ермек Төлеубаев сонау КСРО кезінде-ақ еңбегімен елге танылып, бірнеше орден-медаль таққан жан. Сол марапаттарының қатарында «Қара металлургия бойынша социалистік жарыс жеңімпазы» кеуде белгісімен қатар «ІІІ дәрежелі Еңбек даңқы» ордені бар. Бертін келе «Құрмет» орденіне лайықты болды. Ал алған медальдарында сан-есеп жоқ.
–Металлург мамандығы өте ауыр, әсіресе ыстық цехтарда домна, мартен пештерінде жұмыс істейтіндердің, болат балқытушылардың жұмыстары қиынның қиыны. Олардың негізгі жұмыс құралдары күрек пен сүймен. Ол кездері қазіргі кездегідей жаңа технология дегендер атымен жоқ, сондықтан барлық жұмыс қол күшімен атқарылатын. Ал металлургиялық комбинат – бұл тәулік бойы жұмыс істейтін отыз мың адамы бар кәдімгі қала десек болғандай. Онда әрбір өндіріс бір аудан, өзінің шекарасы және жолы бар, оның кестелерін және нұстауларын бірге жұмыс істейтін кәсіпорындардың жұмысына зиян келтірмеу үшін уақытында орындау қажет, – деп өткен күндерден сыр шертті ақсақал.
Қазақстан Магниткасының өсіп-өркендеуімен қатар елімізде өнеркәсіп саласы да жоғары қарқынмен дамыды, әсіресе металлургия. Уақыт өте келе білікті мамандар даярлау қажеттігі туындады. «Іс тетігін– кадрлар шешеді демекші, әсіресе қазақ жастарының арасынан білікті де білімді маман-кадрлар дайындау күн тәртібіндегі мәселе болды. Бұл ретте отты мамандық иесі атанған металлургтердің үлгі тұтар алдыңғы буын өкілдері болды. Олар Еламан Байғазиев, Алтынбек Дәрібаев, Арғын Жүнісов сынды басқа да майталмандар еді. Бұл тізімді ордан әрі қарай олардан кейінгі мына буын өкілдері: Жақсылық Әскеев, Жанас Арысов, Олжабай Иманбаев, Қуаныш Омашев, Тоқтархан Ысқақов, Ильяс Баймұрзаев, Алтынбек Асанов, әрине, бүгінгі біздің кейіпкер Ермек Төлеубаев жалғастырды.
– Металлургия саласының қазіргі даму жағдайында кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігі көп жағдайда олардың инновацияларды құру және қабылдау қабілетіне байланысты. Десек те, кадр мәселесі, оның ішінде металлургия саласына ұлттық кадр дайындау кеше де, бүгін де өте өзекті. Сондықтан осыған баса назар аудару керек. Біздің қазақ жігіттері ешқашан қиындақтан қашпайды, егер ел ертеңін өскелең ұрпаққа сеніп тапсырамыз десек, барлық салада ұлттық кадрға мән беру керек. Мен осы ұстаным-пікірімді үнемі айтып жүремін. Бұқар жырау Қалқаманұлының «Ел иесі құт болса, халық ала болмайды» деген сөзі бар. Осыны ұмытпау керек.
Теміртауға 20 жасында келіп, қаланың, комбинаттың енді ғана қолға алынған құрылысына атсалысқан, палаткада, барақтарда, жатақханаларда тұрып, еңбекпен шыңдалған ардагер осылай дейді.
–Әңгімеміздің басында мамандық пен жар таңдаудан қателеспегеніңізді айттыңыз, ендігі әңгімені отанасы жайында жалғастырсақ?
–Әрине (күліп), айт десең айтайын, Сәуле жеңгелеріңді бұрынан білесіңдер, Алланың қалауымен 1965 жылы бас қосып едік, шүкір, бір жастықта қартайып келеміз. Мамандығы – балалар дәрігері, студент кезде танысып, білісіп, үйленгенбіз. Осы қалада көп жыл, яғни зейнеткерлікке шыққанша қызмет етті.


–Перзенттеріңіз әке жолын жалғастырды ма?
–Иә, бұл жөнінде ауыз толтырып айта алам. Тұңғышымыз Мұстахим ВТУЗ-ды металлург мамандығы бойынша бітіріп, бес жыл комбинаттың конвертор цехында еңбек етті. Кейін әскер қатарына алынып, теңіз флотында қызмет етті. Соңынан кәсіпкерлікпен айналысып, қазір сол салада жүр. Ал екінші баламыз Нұркен, ол да металлург мамандығын алып, жиырма жыл электр жөндеу цехында бастық болып жемісті еңбек етті. Аллаға шүкір,Сәуле жеңгеңіз екеуміз келін түсіріп, балаларымыздан бірнеше немерелер мен шөберелер сүйіп, бірлігі мен берексі жарасқан тату-тәтті отбасының қарттары болып отырған жайымыз бар.
Комбинат және еңбек ардагері, қаланың қадірмен ақсақалы Ермек Төлеубаев қоғамдық жұмыстардан да тыс қалған емес. Кезінде қазақша газет ашу мәселесі көлденең тұрғанда алғашқылардың бірі болып қолдау көрсеткен, баратын есікке барып, айтар сөзін айтып, мәселенің оң шешімін табуына ықпал еткен жан. Алдағы 2025 жылы металлургтер мекені атанған Теміртауға 80 жыл толмақ, осыған орай қаладағы жоғарғы оқу орны, бүгінгі – Қарағанды индустриялық университетін, кешегі ВТУЗ-ды он сегіз жыл басқарып, ректор болған жылдары талай қазақтың баласына шапағаты тиген Н.Ишмухамедовтың атына көше беру, арнайы тақта орнату, ескі қаладағы завод басқармасының ғимаратын қалпына келтіріп, мұражай жасау секілді басқа да мәселелерді көтеріп, олардың шешімін табуы жолында өз үлесін қосып келеді.
– Қыстың аязына шыдап, ауыр еңбекпен осы күнге жеттік. Теміртау көз алдымызда өсіп-өнді, үлкен шаһарға айналды. Бүгінгі жастарға қарап қуанамын. Біз көрген қиындықты көрмесін. Қазір мүмкіндік мол ғой. Халқымыз аз, жеріміз кең. Жастар білімді болуы керек. Ғылым қуып, ізденуден жалықпасын. Мемлекетіміз ол үшін барлық мүмкіндікті жасап отыр. Біздің халыққа жақсы мамандар керек,–деп аяқтады әңгімесін ардагер.
Біз де өз кезегімізде қызмет бабанда араласып, кейіннен туған-туыстай болып, қадір тұтқан Ермек ақсақалға амандық-саулық тілеп, металлургтер мерекесімен құттықтаймыз.

Руза АЛДАШЕВА,
ҚР Жазушылар
одағының мүшесі, ақын.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған